Home Және басқа ақпараттар Балаларға арналған Елімізде ауыл мектептеріне арналған ұлттық білім беру платформасының пилоттық жобасы іске қосылды

Елімізде ауыл мектептеріне арналған ұлттық білім беру платформасының пилоттық жобасы іске қосылды

8

Қазақстанда жасанды интеллектіні ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердің оқу үдерісіне енгізуге бағытталған пилоттық жоба басталды. Алғашқы кезеңге Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысып отыр.

Ауыл оқушыларына сабақтарды Астана қаласының тәжірибелі мұғалімдері өткізеді. Ол үшін «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының базасында арнайы студия жабдықталған. Мұғалім сабақты тікелей эфирде өткізсе, ауыл мектептеріндегі оқушылар цифрлық платформа арқылы сабаққа қосылады. Оқу орнында оларға онлайн және офлайн оқытуды ұштастыра жұмыс істейтін жергілікті педагогтер қолдау көрсетеді.

Платформа тікелей оқытуды, заманауи білім беру мазмұнын және жасанды интеллект құралдарын бір жүйеге біріктіреді. Мұндай тәсіл ауыл оқушыларының білікті мұғалімдерден білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, қала мектептері мен шағын жинақты мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.

Пилоттық жобаны әзірлеу барысында жасанды интеллект саласындағы әлемнің жетекші сарапшыларының бірі, доктор Кай-Фу Лидің ұсынымдары да ескерілді.

Жобаны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Q.AI және 01.AI компанияларымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін оқыту нәтижелері мен мұғалімдер және оқушылардың пікірлері ескеріліп, платформа жетілдіріледі. Алдағы уақытта жобаны еліміздің басқа өңірлері мен мектептеріне де енгізу жоспарланып отыр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.