Home Техника Автокөліктер Электромобильге арналған қуат бекеттері қай өңірлерде табыс әкеледі?

Электромобильге арналған қуат бекеттері қай өңірлерде табыс әкеледі?

10

Қазақстанның кейбір аймақтарында электрлі қуаттау бекеттері пайдалы жобаға айналса, енді бір өңірлерде бұл бизнес тиімсіз болуы мүмкін. Digital Business зерттеу жүргізіп, ел ішінде жасыл энергия бағыты қай жерде өркендейтінін анықтады.

EVPoint.kz платформасының негізін қалаушы Асқар Сыздықов электрлі көліктерге арналған инфрақұрылым жайлы өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік және солтүстік бөліктері арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

 «Бүгінде елімізде көшбасшы — Алматы қаласы. Мұнда 438 қуаттау бекеті бар. Біріншіден, Алматыда халық тығыз қоныстанған. Екіншіден, Қытайға жақын орналасуы да әсер етіп отыр. Өйткені қазір Қазақстанға электрлі көліктердің басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі.Сол себепті электрлі көліктерге арналған инфрақұрылымды дамытқысы келетін кәсіпкерлерге оңтүстік өңірлерге назар аударуға кеңес берер едім», — дейді Асқар Сыздықов.

Оның сөзінше, Астана екінші орында болғанымен, Алматыдан айтарлықтай артта қалып отыр. Елордада небәрі 187 қуаттау нүктесі бар. Бірақ бұл — нарықтың ашық екенін емес, сұраныстың төмен екенін көрсетеді.

«Астана мен солтүстік өңірлерде аталмыш көліктерге деген көзқарас сақтықпен қабылданады. Мұның басты себебі — ауа райы. Қатты аяз кезінде көліктің қуаты жылдам таусылады, ал бұл пайдаланушыларды алаңдатады, — деп атап өтті сарапшы.

Сыздықовтың айтуынша, климат пен логистика секілді факторлар электрлі көліктер нарығының дамуына тікелей әсер етеді. Осы себепті кәсіпкерлер инвестиция құймас бұрын өңірдің табиғи және экономикалық ерекшеліктерін ескергені жөн.