eGov Mobile қосымшасы жаңартылғаннан кейінгі жеті жыл ішінде жекелеген мемлекеттік қызметтерді алуға арналған мобильді қосымшадан Қазақстандағы негізгі цифрлық платформалардың біріне айналды. Қазір оның 13,2 миллионнан астам пайдаланушысы бар. Қосымша арқылы 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді.
Қазақстандағы мобильді электрондық үкіметтің тарихы 2012 жылы mGov қосымшасының іске қосылуынан басталды. Алғашқы кезеңде пайдаланушылар мекенжай және зейнетақы туралы анықтамаларды, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы мен оған қойылған ауыртпалықтар туралы мәліметтерді ала алды. Сонымен қатар айыппұлдарды, салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеу мүмкіндігі пайда болды. 2019 жылға қарай қосымшада шамамен 70 қызмет түрі ұсынылды.
2019 жылы mGov қосымшасының дизайны жаңартылып, атауы eGov Mobile болып өзгерді. Осыдан кейін мобильді электрондық үкіметтің дамуында жаңа кезең басталды. 2020 жылы қосымшаға биометриялық сәйкестендіру функциясы енгізілді. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу кезінде адамның жеке басын растау үдерісін жеңілдетті.
Қосымшадағы сұранысқа ие қызметтердің бірі – «Цифрлық құжаттар» сервисі. Ол тиісті жағдайларда қағаз құжаттардың орнына олардың электрондық нұсқаларын көрсетуге мүмкіндік береді. Сервис іске қосылғалы бері пайдаланушылар цифрлық құжаттарға 600 миллионнан астам рет жүгінген. Кейін бұл мүмкіндік екінші деңгейдегі банктердің танымал қосымшаларында да қолжетімді болды.
Тағы бір маңызды жаңалық – электрондық цифрлық қолтаңбаны шығару және құжаттарға QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі. Қазіргі уақытқа дейін пайдаланушылар құжаттарға QR-код арқылы шамамен 80 миллион рет қол қойған.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, жеті жыл ішінде eGov Mobile жекелеген мемлекеттік қызметтерді алуға арналған қосымшадан елдегі негізгі цифрлық платформалардың біріне айналған.
«2019 жылы қосымшаны ай сайын белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллионға жетті. Яғни, пайдаланушылар саны шамамен 28 есе өсті. Биыл қосымша арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл eGov Mobile қосымшасына сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Қазір ол мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистерді бір жерге біріктіріп, оларды алуды жеңіл әрі қолжетімді етіп отыр. Біз азаматтар күнделікті мәселелерін үйден шықпай-ақ, аз уақыт пен күш жұмсап шеше алуы үшін мобильді электрондық үкіметті одан әрі жетілдіруді жалғастырамыз», – деді Ростислав Коняшкин.
2024 жылдың шілдесінде электрондық үкіметтің мобильді қызметтері кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасымен толықты. Ол бизнес өкілдеріне мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға, электрондық цифрлық қолтаңба шығаруға өтінім беруге, құжаттарға QR-код арқылы қол қоюға, заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеуге және басқа да қажетті операцияларды орындауға мүмкіндік береді.
2025 жылы eGov Mobile қосымшасы толықтай жаңартылып, оның сыртқы көрінісі мен пайдаланушыға арналған интерфейсі өзгерді.
2026 жылы қосымшада eGov GPT атты жаңа құрал іске қосылды. Ол пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтерді бағдарлап, қажетті ақпаратты диалог арқылы табуға көмектеседі. Қызметті интерактивті анықтамалық ретінде пайдалануға болады. Ол үшін сұрақты күнделікті тілмен қою немесе өз жағдайын сипаттау жеткілікті. Жүйе қолжетімді қызметтер мен оларды алу тәртібі туралы мәлімет ұсынады. Мысалы, бала тууын тіркеу туралы сұрақ қойылғанда, қандай қызметтер қажет болуы мүмкін екенін және жұмысты неден бастау керектігін түсіндіреді. eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет туралы ақпарат алуға болады. Қазірдің өзінде бұл сервиске жүгіну саны 150 мыңнан асты.
Сол жылы eGov GPT AI & Digital Bridge Awards 2026 байқауында «Жылдың GovTech жобасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Марапат Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумында табысталды.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












