Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар eGov.kz жүйесіне кіру енді тек SMS арқылы жүзеге асады

eGov.kz жүйесіне кіру енді тек SMS арқылы жүзеге асады

30

2025 жылғы қазан айынан бастап eGov.kz порталы мен оған байланысқан eOtinish және «Ашық үкімет» сервистерінде кіру тәртібі жаңартылды. Қолданушы ЭЦҚ арқылы жүйеге кіргеннен кейін өзінің жеке басын ресми 1414 нөмірінен келген SMS-код арқылы растауы қажет.

Бұл екі кезеңді растау жүйесі жеке деректерді қорғауды күшейту және рұқсатсыз кіруді болдырмау мақсатында енгізілген. Егер ЭЦҚ жоғалып кетсе, алаяқ оны екінші растаусыз пайдалана алмайды.

SMS-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірінің eGov.kz профиліне тіркелгеніне көз жеткізу маңызды. Егер нөмір көрсетілмесе немесе ескірген болса, хабарлама келмейді.

Сонымен қатар, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы QR-кодты сканерлеу арқылы жүйеге кіру мүмкіндігі қарастырылған. Шетелде жүрген азаматтар үшін SMS-хабарламаларды тек халықаралық роуминг қосулы болса ғана алу мүмкін.

Мамандар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) адамның жеке қолтаңбасына тең екенін ескертеді және оны басқа адамдарға беруге болмайтынын атап өтеді. Заңды бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 50 АЕК, ал заңды тұлғаларға 200 АЕК дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, жаңа авторизация тәртібі киберқауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл мемлекеттік онлайн-платформаларды цифрландыру мен олардың сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.