Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен eGov Business платформасын жаңғыртуға арналған кеңес өтті.
Мемлекет басшысы жүктеген басты міндет – мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды барынша қарапайым, жедел әрі болжамды ету. Бұл туралы «Сапалы Қазақстан» порталы ҚР Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жиын барысында мемлекеттік қызметтермен жұмыс істеудің қалыптасқан тәсілдерін түбегейлі өзгертетін жаңа ұстанымдар талқыланды. Өзгерістердің өзегі – барлық үдерісті толық цифрландыру және ашықтықты қамтамасыз ету.
Басты жаңалықтардың бірі – шешім қабылдау үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу. Форс-мажор жағдайларына қатысты құжаттарды талдау алгоритмдерге жүктелмек. Үлкен деректерге сүйенген жүйе деректерді бейтарап саралап, жедел шешім ұсынады. Бұл адам факторынан туындайтын ықтимал қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар әкімшілік рәсімдерді қысқарту мәселесі де қатар қарастырылуда. “Атамекен” кәсіпкерлік субъектілері мен қауымдастықтардың мәртебесін автоматты түрде тексеруді ұсынды. Цифрлық дерекқорлар арқылы нақты уақыт режимінде жүргізілетін тексеріс мәртебені лезде растауға мүмкіндік беріп, кәсіпкерлерді қосымша анықтамалар жинаудан босатады. Бұдан бөлек, өндірістік қуаттар мен жер телімдері туралы мәліметтерді интерактивті карталар арқылы ашық ұсыну да жүйенің айқындылығын арттырмақ», – деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ жаңа цифрлық құралдарды тиімді игеру үшін бизнес өкілдеріне AI Corporate бағдарламасы аясында жасанды интеллект дағдыларын меңгеру ұсынылады. Министрлік пен «Атамекен» бұл жобаны өңірлерге кеңейтіп, ел кәсіпкерлерінің тек мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ғана емес, өз ішкі үдерістерін автоматтандыратын ЖИ құралдарын да белсенді қолдануына жағдай жасауды көздеп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – операциялық үдерістердің жылдамдығын төрт есеге дейін арттыру. Әзірлеушілердің пайымынша, бұл бастама мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп, әрбір кәсіпкер үшін мемлекетті тиімді әрі технологиялық серіктеске айналдырады.
Владимир Демидов












