Home Аналитика e-Sport цифрлық платформасы – спорт саласын цифрландырудың жаңа кезеңі

e-Sport цифрлық платформасы – спорт саласын цифрландырудың жаңа кезеңі

13

Қазақстанда e-Sport цифрлық платформасы ресми түрде таныстырылды. Бұл инновациялық жоба дене шынықтыру мен спорт саласын цифрландыруға бағытталып, деректер мен процестерді басқаруда ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етеді.

Платформаның негізгі мақсаты — еліміздегі спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен әдіскерлер туралы ақпаратты біріктіретін орталық деректер базасын құру. Сонымен қатар, платформа спортшылар мен жаттықтырушылардың дене шынықтыру-спорт ұйымдарына қатыстылығын және олардың біліктілігін тексеруге, спорттық іс-шаралардың электронды күнтізбесін қалыптастыруға және өңдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ спорттық нысандарды цифрландыруды жүзеге асырады.

Пилоттық кезеңде платформаның негізгі модульдері іске қосылды. Атап айтқанда, спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен әдіскерлер үшін электронды паспорттар жасалып, спорттық нысандардың электронды тізімі құрылды. Сонымен бірге,іс-шаралар күнтізбесі цифрлық форматта енгізілді. Қазіргі таңда платформамен жұмыс істеуге 81 спорт федерациясы мен 6 ұйым қосылды, ал базада 1700-ден астам спортшының мәліметтері бар.

«2025 жылы Министрлік платформаның қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жарыстардың хаттамаларын электронды түрде жүргізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және статистикалық деректерді проактивті форматта есепке алу енгізіледі. Сонымен қатар, e-Sport платформасын өндірістік деңгейде іске қосу жоспарлануда, бұл спорт саласындағы цифрландыруды дамытуда маңызды қадам болады. Әсіресе, аймақтық спорт басқармалары e-Sport платформасына көшу жұмыстарын жедел әрі сапалы жүргізуі тиіс», — деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Ұсынылған цифрлық e-Sport платформасы спорт саласын тиімді басқаруға жаңа мүмкіндіктер ашып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды құралға айналады.