Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуды жақсарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы осы мақсатта аймақтық жұмыспен қамту карталары бекітілді. Бұл карталар еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жұмысқа орналасуды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Жылдық жоспар бойынша 948 мың қазақстандықты жұмыспен қамту көзделсе, желтоқсан айының басында бұл көрсеткіштің 89%-ы орындалып, 845 мыңнан астам адам еңбекке тартылды.
Жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. 9,6 мың адам осындай курстардан өтсе, 50 мыңнан астам қазақстандық skills.enbek.kz платформасында онлайн білім алып, біліктілігін арттырды. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етті.
Еңбек нарығындағы жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу үшін жаңа «Mansap Compasy» платформасы іске қосылды. Бұл жүйе мамандық таңдауға, мансапты жоспарлауға және сұранысқа ие салаларға бағдарлануға көмектеседі. Сонымен қатар, мектеп түлектері мен студенттерге өз кәсіби жолдарын табуға мүмкіндік береді.
Елдегі студенттер үшін Электронды еңбек биржасына арнайы бөлім енгізілді. Ол өндірістік тәжірибе орнын табуға көмектеседі. Бұл жас мамандардың кәсіби дағдыларын шыңдап, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
2024 жылы 755 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы қадағаланып, 150 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Осы мақсатта «Инновациялық жобалар навигаторы» іске қосылды. Бұл платформа мемлекеттік бастамалар аясында іске асырылатын барлық жобаларды мониторингтен өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «сапалы жұмыс орындары» мониторинг жүйесі іске асырылды. Ол тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары және мансаптық өсу мүмкіндіктерін қамтитын вакансияларды бақылап отырады. Алдағы үш жылда осындай жұмыс орындарының санын 824 мыңға көбейту жоспарланып отыр.
Еңбек нарығын цифрландыру мен инновацияларға бейімдеу елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтып, азаматтардың кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Қазақстандағы бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және ел экономикасын нығайтуға бағытталған нақты әрі жүйелі шешімдер болып отыр.