Home Технологиялар Ғаламтор және желі «Деректерді өңдеу орталығының алқабы»: NVIDIA және Firebird компанияларымен келісімдерге қол қойылды

«Деректерді өңдеу орталығының алқабы»: NVIDIA және Firebird компанияларымен келісімдерге қол қойылды

12

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредианмен және Firebird компаниясының тең құрылтайшылары – бас атқарушы директор Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Бағдат Мусин, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джули Стаффт қатысты.

Америкалық Firebird компаниясы жасанды интеллектке арналған инфрақұрылым құру, деректер орталықтарын дамыту және жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеу саласына маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жобаларды жүзеге асырып келеді және NVIDIA сынды жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтасады. NVIDIA – жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады, сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің технологиялық негізін құрайды.

Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректер орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту бағыттарына ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысы «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына тоқталды. Олардың қатарында ауқымды жер ресурстары қоры, инвестициялық преференциялар және электр энергиясының бәсекеге қабілетті құны бар. Инвесторлар үшін жобаның жоғары деңгейде кеңейтілу мүмкіндігі маңызды фактор болып саналады, яғни қазіргі таңда қолжетімді 300 МВт қуат кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін ұлғайтылмақ.

Firebird компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас атқарушы директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.

NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредиан жобаны іске асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді таныстырып, Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларына тоқталды.

«Жасанды интеллектіні дамыту үшін біз “бес қабатты торт” деп атайтын жүйе қажет. Бұл жерде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды әртүрлі сала мен бағыттарда қолданбалы шешімдерге айналдырамыз, сол арқылы олардың нақты пайдасы мен құндылығы артады. Алайда бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия жеткілікті. Сіздерде оның мол қоры бар және оны одан әрі арттыру мүмкіндігі де бар, сондықтан бұл ел бастау үшін өте қолайлы орын. Шын мәнінде, Қазақстан осы “бес қабатты торттың” барлық деңгейіне қатыса алады. Мен көрген, оқыған және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен ұстанымы алға жылжуға, сондай-ақ табиғи және адами ресурстарды тиімді пайдалана отырып, жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне қадам жасауға бағытталған», – деді Рев Лебаредиан.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан жасанды интеллектті дамыту үшін ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. “Деректерді өңдеу орталығының алқабы” жобасы жаңа ЖИ-токен экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады. 10 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция елде NVIDIA GB300 және Vera Rubin сияқты 100 мың жаңа буындағы GPU-чиптер негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаның іске асуы жыл сайын кемінде 3 млрд АҚШ доллары көлемінде экспорттық табыс әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жаһандық технологиялық компанияларды тартуға және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстан үшін заманауи деректер орталықтары мен есептеу платформаларын дамыту инвестиция тартуға, цифрлық сервистерді жергіліктендіруге, инженерлік кадрларды даярлауға және технологиялар саласында экспортқа бағытталған жаңа бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өзінің жоғары өнімді инфрақұрылымының болуы ел ішінде ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект шешімдерін кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды.

Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым салаларында жалпы көлемі 10 млрд АҚШ доллары болатын ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.