Өткен жылдың соңында Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен электрлі көліктерді жеңілдікпен импорттауға арналған квотадан қағылды. Мәжіліс депутаты Олжас Куспековтің айтуынша, экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл шешімде қисын бар. Digital Business басылымына берген сұхбатында ол электрлі көліктердің бұрынғы бағасы неліктен жасанды түрде төмен болғанын, жеңілдіктер тоқтағаннан кейін нарықта қандай өзгерістер болатынын және электрлі көліктердің түпкілікті бағасы қандай деңгейде қалыптасатынын түсіндірді.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары электрлі көліктердің арзандауы өндірушілердің тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі емес, негізінен Қытай тарапынан көрсетілген ауқымды мемлекеттік қолдаудың және импорт кезінде берілген салықтық жеңілдіктердің арқасы.
«Біз электрлі көліктердің арзан болуына үйреніп қалдық, тіпті кейде олардың бағасы өзіндік құнынан да төмен болды. Бұл тек Қазақстандағы жеңілдіктермен шектелмей, Қытай да бұл саланы белсенді қолдап, субсидиялармен қамтамасыз етті. Сол себепті қытайлық электрлі көліктердің бағасы олардың нақты құнын көрсетпеді, айырмашылық мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген импорт есебінен жабылды», – деді депутат.
Сол себепті, Куспековтің айтуынша, бұрынғы жағдайды сақтап қалуға бағытталған әрекеттер стратегиялық тұрғыдан мәнсіз болды, өйткені бұл тек бағаның табиғи түзетілуін уақытша кейінге шегерумен ғана шектелетін.
Жеңілдіктер мен субсидиялар аяқталған соң электрлі көліктер өздерінің нақты нарықтық құны бойынша сатыла бастайды. Бұл жағдай сұранысқа да тікелей әсер етеді.
«1 қаңтардан бастап электрлі көліктер өздерінің нақты нарықтағы бағасымен сатылуда, яғни қытайлық субсидиялар мен салық жеңілдіктері есепке алынбайды. Енді олар іштен жану қозғалтқышы бар көліктермен толыққанды нарықтық шарттарда бәсекеге түсуге мәжбүр. Мұндай жағдайда сұраныс төмендеуі мүмкін, ал нарық біртіндеп тұрақтана бастайды», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстандағы электрлі көліктердің бағасы олардың нақты өзіндік құны мен логистикалық шығындарына сай қалыптасады, яғни жасанды түрде арзандату тоқтатылады.
Куспеков электрлі көлік мәселесі Қазақстан үшін тек бағаға ғана емес, сонымен бірге елдің географиясына, инфрақұрылымына және пайдалану қолайлылығына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ал бұл тұрғыда әлі де шешімін таппаған мәселелер аз емес.
«Пайдаланушы әрі автокөлік иесі ретінде айтарым: таза электрлі көліктер Қазақстанға шектеулі деңгейде ғана сай келеді. Қуат көзін қайта зарядтауға болатын немесе онсыз да жүре алатын гибридті модельдер әлдеқайда практикалық әрі қауіпсіз таңдау болып көрінеді. Қазақстан – аумағы өте кең мемлекет, қалалар бір-бірінен алыс орналасқан, ал олардың арасында зарядтау инфрақұрылымы жиі жоқтың қасы. Мұндай жағдайда бір қуатпен немесе бір жанармай құюмен ұзақ қашықтықты еңсере алу – аса маңызды», – деді депутат.
Сұхбат барысында ол экологиялық мәселені де жеке қарастыру қажет екенін атап өтті.
«Экология – бұл өз алдына бөлек тақырып. Электр энергиясының едәуір бөлігі көмір жағу арқылы өндірілетін жағдайда, электрлі көліктерді пайдалану қаншалықты орынды? Оларды өндіру, пайдалану және кейін кәдеге жарату үдерістерін есепке алсақ, бұл жерде ұғымдардың жиі алмастырылып, күрделі мәселенің қарапайымдалып кететінін көреміз», – деп түйіндеді ол.












