SXSW 2025 фестивалі аясында Kojima Productions пен Sony Interactive Entertainment жаңа Death Stranding 2: On the Beach ойынын таныстырды. Презентация барысында көптен күткен ойынның жарық көретін күні жарияланды – ойын 26 маусымда PS5 платформасында қолжетімді болады. Ал кеңейтілген басылымды таңдағандар оған екі күн бұрын, яғни 24 маусымда кіре алады.
Ойын желісі терең әрі күрделі болғанымен, негізгі мәнін былай жеткізуге болады: басты кейіпкер Сэм Портер Бриджес (Норман Ридус сомдаған) басты кейіпкер Сэм Портер Бриджес (Норман Ридус сомдаған) бұрынғы АҚШ аумағында қайта бірігу мен тіршілікті қалпына келтіру мақсатында Құрама Қалалар Америкасын құрды. Сонымен қатар, ол адамзатты жойылуға әкелетін Жойылу Факторын тоқтатып, жаһандық қырғынның алдын алды. Дегенмен, уақыт өте келе жаңа қауіп туындайтыны анықталды. Жаңа трейлерде алтыншы жаппай жойылу процесінің жалғасып жатқаны айқын көрсетілген.

Бірінші бөлімнің аяқталғанынан кейін 11 ай өткен соң, жаңа тарау басталады. Бұл жолы Сэм Портер Бриджес «Магеллан» кемесінің экипажымен бірге бірнеше құрлықты аралап, адамзатты құтқаруға ұмтылады. Уақытша кейінге шегерілгенімен, жойылу қаупі әлі де өзекті. Сонымен қатар, Сэм өзі асырап алған қызы Лу-дың тағдырына қатысты терең сырды ашуға тырысады. Алғашқы ойыннан таныс серігі, Фрэджайл (Леа Сейду сомдаған) оның жанында белсенді қолдау көрсетеді.

Ойынның ең үлкен жұмбақтары қатарында Ник есімді жаңа кейіпкер тұр. Оны итальяндық актер Лука Маринелли сомдайды. Трейлерде оның бейнесіне ерекше назар аударылғанымен, оның кім екені, қандай мақсатқа ұмтылатыны әлі де белгісіз. Ойын жанкүйерлері жаңа кейіпкерді алғашқы бөлімдегі Мадс Миккельсен сомдаған кейіпкермен салыстырып, ұқсастықтарын ерекше атап өтті. Ник те әскери қызметпен тығыз байланыста, оның жанында өлі сарбаздардың ізі байқалады.
Ойынның музыкалық сүйемелдеуі үш рет «Грэмми» номинациясына ұсынылған Woodkid-ке сеніп тапсырылған. Оның шығармалары Death Stranding-тің режиссерлық нұсқасында және Arcane анимациялық сериалында да қолданылған. Death Stranding 2-нің алдын ала тапсырысы бүгін, 17 наурызда басталады. Сонымен қатар, арнайы коллекциялық басылым да сатылымға шығады, оның құрамында Хидео Кодзиманың хаты, эксклюзивті жинақтық элементтер және 38 сантиметрлік ерекше мүсін бар.