Home Технологиялар Ғаламтор және желі Даурен Қарашев: «Алты айда Қазақстанда бірде-бір заңды майнер қалмауы мүмкін»

Даурен Қарашев: «Алты айда Қазақстанда бірде-бір заңды майнер қалмауы мүмкін»

13

Соңғы уақытта Қазақстандағы заңды майнерлер санының екі есе азайғаны туралы ақпарат жиі айтылуда. Ұлттық блокчейн қауымдастығының төрағасы Даурен Қарашев Digital Business-ке берген сұхбатында, бұл саладағы басты қиындықтарды түсіндіріп өтті.

Даурен Қарашевтың айтуынша, майнерлерге ең үлкен қиындықты электр энергиясының тапшылығы туғызып отыр.

– Біріншіден, елімізде электр энергиясы жетіспейді. Бұл – қазіргі таңда шешімі қиын негізгі мәселе. Майнерлер жалпы электр желісіне қосылған жағдайда, тек артық энергияны, яғни профицитті ғана пайдалана алады. Оны аукциондар арқылы сатып алады. Бірақ, егер профицит жеткіліксіз болса, майнерлер шетелден, атап айтқанда, Ресейден электр энергиясын алуға мәжбүр. Кейде келісімдерге қол жеткізу мүмкін болмайды. Ал қазір қысқы жылу беру маусымы басталғандықтан, энергетикалық жүйе қосымша жүктемені көтере алмай отыр, – дейді Қарашев.

Сонымен қатар, майнинг салығы – саланың дамуын тежеп тұр.

– Қазақстанда майнерлер барлық стандартты салықтарды төлейді: корпоративтік табыс салығы (КТС), қосылған құн салығы (ҚҚС) және басқалары. Бірақ, бізде майнинг саласына арналған ерекше салық бар – бұл 1 кВт/сағ тұтынған энергия үшін төленетін салық. Мұндай салық әлемнің ешбір елінде жоқ. Өткен жылы бұл салық мөлшері 25 теңгеден 2 теңгеге дейін төмендегенімен, біз оны толығымен алып тастауды қалаймыз. Себебі бұл салық бизнесті жүргізуді күрделендіріп, табысты азайтып отыр. Егер майнерлердің айналымы артса, КТС пен ҚҚС-тан түсетін кірістер де өсер еді. Сондықтан бұл мәселені қайта қарау қажет, – деп атап өтті қауымдастық төрағасы.

Маманның пікірінше, қазіргі салық жүйесі, ескірген жабдықтар және электр энергиясының тапшылығы жағдайды қиындата түсуде.

– Егер алдағы жарты жылда бұл мәселелер шешілмесе, Қазақстанда заңды майнерлер мүлдем қалмауы мүмкін. Бұл құр қауіп емес, шынайы жағдай, – деп түйіндеді Даурен Қарашев.

Сергей Никитин