Home Аналитика Цифрлық кеңістіктегі тәртіп: Telegram-дағы бейберекет ақпаратты кім тоқтатады?

Цифрлық кеңістіктегі тәртіп: Telegram-дағы бейберекет ақпаратты кім тоқтатады?

4

Қазақстанда анонимді Telegram-арналарды заң аясында реттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осындай арналарды ресми тіркеуден өткізіп, ондағы жарияланымдар үшін нақты адам жауап беруі тиіс екенін айтты.

«Telegram арқылы таратылатын арандатушы, жалған ақпараттар көбейіп барады. Кейбір хабарламалар ресми БАҚ-тың өзіне де кері әсерін тигізуде. Мысалы, Шымкенттегі жағдай кезінде жалған деректі тәжірибелі интернет басылымдар да шындық ретінде жариялап жіберді», — деді министр.

Министрлік әзірлеп жатқан заң жобасына сәйкес, ел ішінде жұмыс істейтін барлық Telegram-арна ресми тіркелуі керек. Бұл талап арқылы әр арнаның артында нақты тұлғаның тұрғаны, яғни жарияланған дерекке жауапкершілік жүктелетіні көзделіп отыр.

«Анонимдік – арандатушыларға қалқан болмауы керек. Ақпараттық кеңістікте де, өмірдегідей ортақ тәртіп болуы тиіс. Сондықтан Telegram платформасының басшылығымен, оның негізін қалаушы Павел Дуровпен келіссөздер жүргізетін уақыт келді», — деді Аида Балаева «Время» басылымына берген сұхбатында.

Бұл ұсыныс қоғамда түрлі пікір тудырды. Бірі бұл сөз бостандығына нұқсан келтіруі мүмкін десе, енді бірі – жалған ақпаратқа тосқауыл болатын қажетті қадам деп бағалауда.