Home Технологиялар Ғаламтор және желі ChatGPT қырғыз тіліндегі сауалдарға қазақша жауап қайтарады

ChatGPT қырғыз тіліндегі сауалдарға қазақша жауап қайтарады

13

Жасанды интеллект жүйесі – ChatGPT қырғыз тіліндегі сұраныстарға жауап бергенде жиі қазақша сөздерді қолданады. Бұл мәселеге қырғызстандық цифрлық белсенді Чоробек Сааданбеков назар аударған.

Сааданбековтің айтуынша, мұндай жағдай тілдік тепе-теңдіктің бұзылуынан туындап отыр. Яғни, ChatGPT-тің үйрену базасында қазақ тіліндегі контент мол, ал қырғыз тілінде материалдар тым аз. Соның салдарынан жүйе қажетті ақпарат таппаған жағдайда қазақ тіліне сүйенуге мәжбүр болады.

«Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 10–15 жылда қырғыз тілі біртіндеп қазақшамен араласып, тіл өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мұны көпшілік аңғармай да қалуы ықтимал», – дейді ол.

Сааданбеков қырғызша жазылған мәтіндер мен сұраныстарға ChatGPT қазақ тіліндегі сөздермен жауап қайтара беретінін, ал көпшілік мұндай лексикалық ауысуларды байқамай қабылдайтынын айтады. Бұл жағдай қырғыз тілінің цифрлық кеңістікте әлі де толық орныға қоймағанын көрсетеді.

Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын Қырғызстанның Жогорку Кеңеш депутаты да алаңдаушылық білдірген болатын. Ол кезде балалары «Балапан» телеарнасын көрген соң қазақша сөйлей бастағанын айтып, шағымданған. Өйткені аталмыш арна тек қазақ тілінде хабар таратады, ал қырғыз тілінде балама контент өте аз.

Сарапшылардың пікірінше, тілдің цифрлық кеңістіктегі үлесі мен сапасы – оның болашағына тікелей әсер етеді. Цифрлық технологиялар тілдік ықпалды күшейте алады немесе керісінше, оны көмескі етіп жіберуі мүмкін.