Жасанды интеллект негізіндегі танымал ChatGPT чат-ботының әзірлеушісі — америкалық OpenAI компаниясы Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелді. Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түрде хабарлады.
2025 жылдың мамыр айынан бастап OpenAI компаниясы Қазақстанда шартты тіркеуден өтіп, ел заңнамасына сәйкес ҚҚС төлеуді бастады. Енді қазақстандық пайдаланушыларға ұсынылатын мәтін генерациясы болсын, кеңес беру немесе өзге де цифрлық өнімдер — қосылған құн салығына жатады.
Айта кетейік, шетелдік цифрлық компаниялардың Қазақстанда ҚҚС төлеуі 2022 жылдан бастап заң жүзінде міндеттелген. Бұл талап халық арасында «Google салығы» деп те аталып кеткен. Осы уақытқа дейін Meta, Apple, Netflix, TikTok және Amazon секілді ірі компаниялар да елімізде тіркеліп, салық төлеуші ретінде есепке алынған болатын.
Заңға сәйкес, шетелдік IT-компаниялар жеке тұлғаларға онлайн қызмет көрсеткен жағдайда, Қазақстанда шартты түрде тіркелуге міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, олардың қызметі ел аумағында бұғатталуы мүмкін.
OpenAI-дің тіркелуі жаһандық технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығына назар аудара бастағанын және елдегі цифрлық қызметтердің заң аясында реттеліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай компаниялардан түсетін салық түсімі ұлттық бюджетті толықтыруға сеп болмақ. Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, тек 2023 жылдың өзінде «Google салығынан» ел қазынасына 26,3 миллиард теңгеден астам қаржы түскен.