Қазақстандық CerebraAI стартапы АҚШ-тың HIPAA (Health Insurance Portability and Accountability Act) халықаралық стандартына сәйкестігін растады. Бұл – жасанды интеллект көмегімен инсультті анықтауға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейтін компания үшін үлкен жетістік. Тәуелсіз аудит нәтижелері CerebraAI-дың медициналық деректерді қорғаудың қатаң талаптарына сәйкес келетінін көрсетті, деп хабарлайды digitalbusiness.kz.
HIPAA – 1996 жылы АҚШ-та қабылданған федералды заң. Ол медициналық ақпаратты өңдеуді реттеп, деректердің қауіпсіздігіне қатаң талаптар қояды. Бұл стандартты медициналық ұйымдар, сақтандыру компаниялары және құпия ақпаратпен жұмыс істейтін серіктестер сақтауға міндетті.
CerebraAI өкілдерінің айтуынша, HIPAA талаптарына сай болу – компанияның деректерді қорғау деңгейі Google Cloud Healthcare API, Amazon Web Services (AWS) HealthLake, Microsoft Azure Healthcare APIs және IBM Watson Health секілді әлемдік IT алпауыттарына тең екенін көрсетеді.
Тәуелсіз сарапшылар жүргізген аудит барысында CerebraAI-дың келесі бағыттары жан-жақты тексерілді:
-Деректерді қорғау, өңдеу және сақтау бойынша техникалық шешімдер;
-Бұлтты сервистер мен ішкі жүйелердің қауіпсіздігі;
-Ақпараттың таралып кету қаупін азайтуға арналған әкімшілік шаралар;
-Қызметкерлерді қауіпсіздік стандарттарына сай оқыту және қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету;
CerebraAI компаниясының техникалық директоры Тимур Тұспаев бұл жетістіктің маңыздылығын атап өтті:
– Біздің компания алғашқы күннен бастап медициналық деректердің қауіпсіздігіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Сондықтан біз жүйемізді үнемі жетілдіріп, қауіпсіздік талаптарына сай болуға тырысамыз. 2023 жылдың қыркүйегінде біз Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сенімді бағдарламалық жасақтама реестріне енгізілдік. Бұл – CerebraAI-дың ақпараттық қауіпсіздік деңгейінің жоғары екенін растаған алғашқы қадам болды. Ал енді халықаралық стандарттарға сәйкестікті дәлелдеу арқылы компанияның жаһандық нарыққа шығу мүмкіндігі арта түсті, – деді ол.
Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай екенін дәлелдеген CerebraAI енді халықаралық деңгейде де мойындалды. HIPAA сертификаты компанияға жаһандық нарыққа еркін шығуға мүмкіндік береді. Бұл – CerebraAI үшін ғана емес, Қазақстанның технологиялық секторы үшін де маңызды жетістік.