Home Технологиялар Инновациялар «CARGORUQSAT» жүйесінің мәселелері мен шешу жолдары

«CARGORUQSAT» жүйесінің мәселелері мен шешу жолдары

19

Қазақстанда жүк тасымалдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізу кезінде қолданылатын электрондық кезек жүйесі — CARGORUQSAT — 2023 жылғы 27 маусымдағы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген. Бұл жүйе 2023 жылдан бастап Ресей, Қытай, Өзбекстан және Түркменстанмен шекараларда енгізілді.

2025 жылдың 12 мамырында CARGORUQSAT электрондық кезек жүйесі Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Қайрақ» автокөлік өткізу пунктінде іске қосылды.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті электрондық кезек жүйесінің енгізілуі кедендік рәсімдердің ашықтығын арттырып, жүк тасымалдарын жоспарлауда көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Бұл жаңашылдық шекарада күту уақытын едәуір қысқартты және тасымалдаушыларға өз маршруттарын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізді. Нәтижесінде елдің транзиттік мүмкіндіктері мен жүк айналымы жақсарды.

Алайда кәсіпкерлер жүйенің кейбір өткізу пункттерінде дұрыс жұмыс істемей, толық жетілмегенін айтып шағымдануда. Белгілі бір пункттерде электрондық кезек 2-3 аптаға дейін толып, тасымалдаушыларға қиындық туғызуда.

Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Серік Ерубай жүйенің жұмысын сынға алып, оны уақытша тоқтатып, тиімділігін толық тексеруді және балама шешімдерді қарастыруды ұсынды. Тіпті, кейбір жағдайларда «тірі» кезекке қайта оралу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Қайрақ» — Қазақстандағы ең шеткі әрі жүктің көп өтетін өткізу пункттерінің бірі. Мұнда кәсіпкерлердің уайымы цифрландырудан гөрі жүйені қолдайтын инфрақұрылымның жоқтығында. Қазіргі таңда көлік жүргізушілеріне арналған тұрақтар, санитарлық тораптар, тамақтану орындары және мобильді байланыс қызметтері жеткіліксіз. Жүргізушілер 10-15 сағат бойы жайсыз жағдайда, ешқандай ақпаратсыз шекарада күтуде. Бұл мәселенің қалай шешілетініне қатысты ақпаратты алдағы жаңалықтарымызда жариялаймыз.