Криптовалюта нарығындағы соңғы құлдырау биткоин өндіру саласын күрделі жағдайға қалдырды. Қазіргі таңда биткоин бағасы оны өндіруге кететін орташа шығыннан шамамен 20 пайызға төмендеп, көптеген майнерді қаржылық қысымды азайту үшін қолындағы активтерін сатуға мәжбүрлеуде.
Checkonchain аналитикалық платформасының дерегінше, 2025 жылдың қазан айынан бері биткоин желісінің жалпы есептеу қуаты бестен бір бөлікке қысқарған. Бұған дейін 1,1 зеттахеш/секунд деңгейіне жеткен көрсеткіш қазір 880,55 эксахеш/секунд шамасында қалып отыр. Бұл майнинг қарқынының айтарлықтай бәсеңдегенін аңғартады.
Бүгінде биткоиннің нарықтағы бағасы 70 мың доллардан төмен деңгейде тұр. Ал бір монетаны өндіруге жұмсалатын орташа шығын шамамен 87 мың долларды құрайды. Нәтижесінде, нарықтық құн мен өзіндік құн арасындағы айырма 17 мың долларға жетіп, табыстылық көрсеткіші теріс аймаққа өтті. Әсіресе, энергиясы қымбат, жабдығы ескірген шағын және орта майнерлер үшін бұл ауыр соққы болып отыр. Көпшілігі шығынды ұлғайтпау үшін қондырғыларын өшіруге мәжбүр.
Қаржылық міндеттемелерді өтеу мақсатында майнерлер бұрын жинақтаған биткоин қорын жаппай сатуға көшті. Бұл қаражат негізінен электр қуатына төлем жасауға, техниканы жөндеуге әрі несие қарыздарын жабуға жұмсалуда. Сонымен қатар, жаңа жабдықтың өзін-өзі ақтау мерзімі 1000 күннен асып, инвестиция салудың тартымдылығы күрт төмендеді. Мұндай жағдай бұған дейін 2019 және 2022 жылдардағы нарықтық құлдырау кезеңдерінде де байқалған еді.
Салаға қосымша қысым түсірген факторлардың бірі – ауа райының тосын мінезі. 2026 жылдың қаңтарында АҚШ-та болған қатты аяз салдарынан жалпы есептеу қуатының 35 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырған майнинг орталықтары уақытша жұмысын тоқтатты. Соның нәтижесінде Foundry USA пулы шамамен 200 эксахеш/секунд немесе өз қуатының 60 пайызын жоғалтты.
Қалыптасқан ахуал нарықта табиғи іріктелу үдерісін күшейтіп отыр. Арзан энергияға, заманауи технологияға қол жеткізе алатын ірі компаниялар ғана бәсекеде қалып, ұсақ ойыншылар біртіндеп нарықтан ығыстырылуда. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, дәл осындай кезеңдерден кейін биткоин бағасы біртіндеп қалпына келіп, өзіндік құн деңгейіне жақындайды. Сондықтан қазіргі дағдарыс саланың ұзақ мерзімді тұрақтануына бастайтын өтпелі белес болуы мүмкін.
Overclokers












