Бірыңғай QR жүйесінің енгізілуі банктердің клиенттерге ұсынатын бонустық бағдарламаларын шектемейді. Әрбір банк қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша берілетін кешбэк көлемін өз саясатына сәйкес дербес белгілей алады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинур Жаленов мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, әр банктің нарықтағы ұстанымы мен клиенттік саясаты әртүрлі. Бірі белгілі бір санаттағы сатып алуларға жоғары мөлшерде кешбэк ұсынса, енді бірі барлық төлем түріне ортақ сыйақы қарастырады. Сондықтан әрбір қаржы ұйымы өзіне тиімді бонустық бағдарламаны дербес қалыптастырады. Қазіргі таңда кемінде үш банк бірыңғай QR арқылы төлем жасаған клиенттерге арналған арнайы бонустық бағдарламаны іске асырып жатыр. Бұл толықтай банктердің ішкі шешіміне байланысты болғанымен, техникалық тұрғыдан әр банктің кешбэк мөлшерін өз бетінше белгілеуіне мүмкіндік бар.
Баспасөз өкілдері бірыңғай QR жүйесі енгізілгеннен кейін кейбір сауда орындары банк карталары арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан жағдайда олардың иелері жауапкершілікке тартыла ма деген сауал қойды.
Бинур Жаленов қолданыстағы заңнамада кәсіпкерлердің міндетті түрде банк карталарын қабылдауына қатысты тікелей талап қарастырылмағанын айтты. Дегенмен заң бойынша сауда орындары тұтынушыларға қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты шешімді мемлекеттік кірістер органдары қабылдайды. Мысалы, тұрғын үй маңындағы шағын дүкенде банк картасы мен QR арқылы төлем қабылдайтын құрылғылар орнатылған болса, кәсіпкердің картамен төлем жасау мүмкіндігін әдейі алып тастауының ешқандай қисыны жоқ. Өйткені мұндай шешім клиенттен айырылуға әкелуі мүмкін. Айталық, QR арқылы төлем жасай алмайтын, бірақ банк картасын пайдаланатын сатып алушы картамен есеп айырысуды талап етеді. Мұндай жағдайда кәсіпкер оның таңдауын шектеуге мүдделі болмайды.
Тимур Сүлейменов сондай-ақ заңнамада QR арқылы төлем қабылдағаны үшін алынатын комиссия мөлшерін банк карталары арқылы жүргізілетін төлемнен жоғары белгілеуге жол берілмейтінін атап өтті.
Оның сөзінше, кәсіпкер үшін төлемнің банк картасы арқылы ма, әлде QR арқылы түскені айтарлықтай айырмашылық тудырмайды. Ал егер сауда орнында тек қолма-қол ақша ғана қабылданып, QR арқылы да, банк картасы арқылы да төлем жасау мүмкіндігі ұсынылмаса, мұндай әрекет үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жауапкершілік қарастырылған. Оның айтуынша, бұл талаптардың орындалуын мемлекеттік кірістер органдары қадағалайды, өйткені мәселе экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуге, салықтардың толық әрі уақытылы төленуіне тікелей байланысты.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












