Қазақстандық CodiPlay стартабы білім беру саласындағы инновациялық шешімдерімен танылып келеді. Жақында бұл стартап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің жоғары бағасына ие болды. Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға CodiPlay әзірлемелерін Қазақстан мектептеріне енгізуді тапсырды. Қазіргі уақытта Корея, Сауд Арабиясы және Түркия сияқты елдерде сәтті қолданылып жатқан бұл жоба енді қазақстандық оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға өз үлесін қоспақ.
CodiPlay – 2021 жылы құрылған қазақстандық EdTech стартабы. Бұл жоба жас ұрпақты цифрлық сауаттылыққа үйретуге арналған ерекше және жаңашыл шешім ұсынады. CodiPlay жобасының құны 100 миллион доллар деп бағаланып отыр, бұл Қазақстандағы білім беру компаниялары үшін жаңа көрсеткіш.
CodiPlay-дың Қазақстан мектептерінде іске қосылуы білім беру саласында маңызды қадам болып саналады. Бұл мектеп оқушыларына цифрлық әлемге бейімделу үшін қажетті білім береді. Мұндай бағдарламаларды енгізу оқушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік ашады, осылайша елдегі білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Қазіргі таңда CodiPlay 10 елде, соның ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерінде 450-ден астам білім беру мекемесінде қолданыста. 2024 жылдың соңына дейін Түркістан облысында 10 білім беру ұйымы CodiPlay экожүйесіне қосылады, ал 2025 жылға дейін Ақтөбе мен Қарағанды облыстарындағы тағы 60 мектеп қамтылады деп жоспарланған.
Жоба Қазақстан Республикасының Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауына ие болды, ал компанияның өнімдерінің бірі – Coditeach, UNICEF тарапынан цифрлық қоғамдық игілік (Digital Public Good) ретінде мойындалды. Бұл халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді.