Смартфон дисплейлерінің жарығы көзді шаршатып, ұзақ уақыт пайдалануға қолайсыз екенін ескерген Bigme компаниясы балама шешім ұсынды. HiBreak смартфоны E-Ink технологиясына негізделген, ал жақында оның мүмкіндіктері жетілдірілген кәсіби нұсқасы – HiBreak Pro жарыққа шықты.Жаңа модель Dimensity 1080 процессорымен жабдықталған. Жедел жады – 8 ГБ, ал тұрақты жады – 256 ГБ, оны microSD картасы арқылы кеңейтуге болады. Құрылғыда 5 мегапиксельдік алдыңғы және 20 мегапиксельдік негізгі камера бар. Соңғысы мәтінді автоматты түрде танитын технологиямен толықтырылған.
Бұл модельдің басты артықшылықтарының бірі – E-Ink экрандарында кездесетін сурет бұлыңғырлығын азайтатын Bigme xRapid технологиясы. Жаңартылған дисплей енді 21 кадр/секунд жылдамдықпен жұмыс істейді, бұл беттерді парақтауды анағұрлым тегіс әрі жылдам етеді.
HiBreak Pro 6,13 дюймдік ePaper экранымен жабдықталған. Оның ажыратымдылығы – 824 × 1648 пиксель, пиксель тығыздығы – 300 PPI. Түрлі-түсті E-Ink режимі қарастырылмағанымен, дисплей жылы және суық жарықтандыруды қолдайды, бұл кез келген жарық жағдайында ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді.
Смартфон 5G желісін, екідиапазонды Wi-Fi, NFC, Bluetooth және GPS жүйелерін қолдайды. Android 14 негізінде жұмыс істейтін құрылғы GPT дауыстық көмекшісімен жабдықталған. Сонымен қатар, дауысты мәтінге айналдыру функциясы, инфрақызыл сенсор және саусақ ізімен ашу жүйесі қарастырылған.