Home Электроника Камералар Бейнебақылау – табиғатты қорғаудың заманауи құралына айналды

Бейнебақылау – табиғатты қорғаудың заманауи құралына айналды

6

Елімізде қоршаған ортаны қорғау бағытында жаңа технологиялар тиімді құралға айналып келеді. Соның ішінде бейнебақылау камералары экологиялық заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тәртіп бұзғандарды жауапқа тартуға жол ашып отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 6931 дерегі тіркелген. Соның нәтижесінде 6813 азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл — экологиялық тәртіпті сақтауға бағытталған бақылау жүйесінің нақты нәтижесі.

Астана қаласында да бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл елордада 15 құқықбұзушылық тіркеліп, 12 тұрғын әкімшілік жазаға тартылды.

Қазір қалада 207 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Соның ішінде 36 мыңы Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың камераға артық. Мұндай көрсеткіш – елорданың қауіпсіздік жүйесін күшейтіп қана қоймай, экологиялық жағдайды бақылауға да басымдық беріп отырғанын көрсетеді.