Home Технологиялар Инновациялар Қазақстанның алғашқы атом электр станциясының атауы қазан айының соңында белгілі болады

Қазақстанның алғашқы атом электр станциясының атауы қазан айының соңында белгілі болады

38

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша ұсыныстар қабылдау аяқталды. Көпшілік күткен атау қазан айының соңында жарияланбақ.

Екі апта ішінде ел азаматтары eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 27 мыңнан астам нұсқа жолдаған. Байқау 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өтіп, елдің түкпір-түкпірінен белсенді қатысушыларды қамтыды.

Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, мұндай жоғары белсенділік қазақстандықтардың атом энергетикасына деген қызығушылығын және ел дамуына жеке үлес қосуға деген ықыласын көрсетеді.

Қазіргі уақытта барлық ұсыныстар сараланып, жүйеленіп жатыр. Кейін олар арнайы комиссия қарауына жолданып, ай соңында жеңімпаз анықталады. Осыдан кейін еліміздің алғашқы атом электр станциясының ресми атауы жария етіледі.

Бұған дейін станцияның атау құқығын ірі компанияға сату туралы ұсыныс талқыланған еді. Алайда Агенттік басшысы бұл идеядан бас тартылғанын, атау үшін ешқандай қаржылық сыйақы қарастырылмағанын мәлімдеді. Байқауға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталмақ.

Қазақстанның алғашқы атом электр станциясы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында салынуда. Құрылысы биылғы 8 тамызда басталып, жобаны «Росатом» консорциумы жүзеге асырып жатыр. Жаңа нысан елдің энергетикалық стратегиясында маңызды рөл атқарып, саланың заманауи технологияларға негізделген жаңа кезеңін ашады.