2024 жылы ел тұрғындарына көрсетілген байланыс қызметтерінің жалпы көлемі 776,1 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 2%-ға артқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Соған қарамастан, қазақстандықтардың қалааралық телефон байланысын пайдалану көлемі 10,6%-ға төмендеп, 8,5 млрд теңгені құрады. Жергілікті телефон байланысына сұраныс 11,2%-ға (16 млрд теңге), ал ұялы байланысқа 23,8%-ға (148,6 млрд теңге) азайған.
Есесіне интернет қызметтерінің (сымды және сымсыз) көлемі 14,4%-ға өсіп, 522 млрд теңгеге жетті.
Тұрғындарды байланыспен қамту көрсеткіштері:
Сымды телефон желілерінің саны 10%-ға қысқарып, 1,9 млн-ды құрады. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 9,2%-ға төмендеп, 590,3 мыңға жеткен.
Ұялы байланыс абоненттерінің саны 3,4%-ға өсіп, 26,1 млн-ға жетті. Оның ішінде интернетке қолжетімділігі бар абоненттер саны 5,8%-ға артып, 18,9 млн-ды құрады.
Сымды және сымсыз интернет желісін пайдаланушылар саны 5,3%-ға өсіп, 3,2 млн-ға жетті. Оның 646,5 мыңы ауыл тұрғындары (+1,7%).
Ал пошта қызметінің көлемі 8%-ға төмендеп, 21,1 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткішке тасымалдау қызметтері де кіреді.