Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстандықтар жеке деректерінің құпиялылығын қалай тексере алады?

Қазақстандықтар жеке деректерінің құпиялылығын қалай тексере алады?

13

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі киберқауіпсіздікті нығайту және жеке мәліметтерді қорғау мақсатында жаңа бастамаларды жүзеге асыруда. Осыған орай, елімізде азаматтар өз деректерінің интернетте таралып кеткен-кетпегенін тексеруге мүмкіндік беретін жүйе іске қосылады. Бұл туралы Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Жаңа жүйе арқылы кез келген азамат аты-жөнін, телефон нөмірін немесе электрондық поштасын енгізіп, бұл мәліметтердің ғаламторда таралған-тарлмағанын біле алады. Бұл деректердің құпиялылығын қорғауға және қауіп-қатерден хабардар болуға көмектеседі», – деді Руслан Абдикаликов.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз пайдалану фактілері көбейген. Сондай-ақ, егер сізге бейтаныс адам хабарласып, жеке деректеріңізді атап өтсе, бұл оның банк немесе мемлекеттік орган қызметкері екенін білдірмейді. Өйткені, мұндай ақпарат алаяқтардың қолына түсуі әбден мүмкін.Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған кезде сақ болу қажет.

Бұдан бөлек, елімізде киберсақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл бастама жеке мәліметтері заңсыз қолданылған азаматтарға сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, былтыр іске қосылған CITIZENSEC.KZ және NOMAD GUARD порталдары кеңейтіліп, азаматтарға интернеттегі алаяқтардың айла-тәсілдерін түсіндіру, жеке мәліметтерді қорғау жолдарын үйрету бағытында жұмысын жалғастырады.

Бұл бастама қазақстандықтардың дербес мәліметтерін қорғау мен киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.