Home Электроника Ақылды құрылғылар Қазақстандықтар үшін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «қалта заңгері» пайда болады

Қазақстандықтар үшін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «қалта заңгері» пайда болады

20

Әділет министрлігі ZanKomegi атты мобильді қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл қосымша жасанды интеллектінің көмегімен азаматтарға құқықтық кеңес беруге арналған. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Оны әзірлеу үшін арнаулы жұмыс тобы құрылды. Бастама үшін Қазақстанның жетекші университеттері мен ІТ-компаниялардың өкілдері тартылды. Жобаға ZanBar, iPrav, Қарағандыдағы Бөкетов атындағы университет, Satbayev University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да оқу орындары мен ұйымдар қатысып отыр, деп жазады digitalbusiness.kz.

— Қарапайым тілмен айтқанда, әр азаматтың қалтасында жеке заңгері болады, яғни ол өз телефоны арқылы кез келген құқықтық сұраққа жауап ала алады, — деп, түсіндірді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли. Оның айтуынша, бұл жобаны министрлік қадағалап отырады. Сондай-ақ, заңгерлер мен адвокаттардың рейтингін көрсететін ZanBar және iPrav мобильді қосымшалары жаңа E-ZanKomegi жүйесіне біріктірілмек. Бұл жүйе пайдаланушыларға берілетін құқықтық кеңестердің объективтілігін арттыруға көмектеседі.

Жобаны жүзеге асыру барысында жасанды интеллекті бірлесіп оқыту қарастырылған. Ол Әділет министрлігінің Adilet.zan, E-ZanKomegi және АИС ОИП сияқты жүйелерінде пайдаланылмақ.

— Біз Ғылым комитетімен бірлесіп, заң шығару саласында жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ғылыми гранттардың жеңімпаздарымен (Қарағандыдағы Бөкетов атындағы университет, Satbayev University) серіктестік орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық актілердің заңнамалық талаптарға сәйкестігін тексеретін жасанды интеллект әзірленіп қойған, — деп атап өтті министрлік өкілі.

Жасанды интеллектіге негізделген ZanKomegi мобильді қосымшасы осы жылдың жазында іске қосылмақ.