Бүгінде ұлттық жазба мұраны көпшілікке қолжетімді ететін маңызды тетіктердің бірі – Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы (ҚазҰЭК). Бұл қорда кітаптар, сирек кездесетін басылымдар, қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялық жұмыстар, мұрағат құжаттары, аудио және бейнематериалдар, карталар мен өзге де цифрлық қорлар бір жүйеге топтастырылған.
2026 жылдың басынан бері ҚазҰЭК қорындағы материалдарды қарау саны 3,6 миллионнан асты. Осы кезеңде кітапхана қорына қашықтан жүгінген пайдаланушылардың саны 295 116 адамға жетсе, электрондық көшірмелерді жүктеп алу көрсеткіші 891 551-ге жетті.
Есепті кезеңде электрондық кітапхана қорына 2 506 электрондық көшірме енгізілді. Сонымен қатар 437 құжат ғылыми-кітапханалық өңдеуден өткізіліп, 127 555 бет цифрлық форматқа көшірілді. Қазіргі таңда ҚазҰЭК қорында барлығы 86 315 құжат сақталған. Оның ішінде 10 мыңнан астамы – цифрлық форматқа көшірілген қолжазбалар мен сирек кітаптар.
Электрондық кітапхана қорын әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. Пайдаланушылардың басым бөлігі Қазақстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан мемлекеттерінен тіркелген. Қордағы электрондық құжаттар әлемнің 70 тілінде ұсынылған.
ҚазҰЭК қорындағы барлық материалдар портал арқылы тіркелусіз қарауға қолжетімді. Онда «Мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар», «Сирек құжаттар мен қолжазбалар», «Түркі тілдес елдердің кітапханасы» және басқа да тақырыптық қорлар жинақталған.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу арқылы одан әрі дамытылады. Жаңа платформа электрондық каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи қызметтерді бір жүйеге біріктіріп, азаматтардың отандық әдебиетке, ғылыми басылымдарға, сирек кітаптар мен мұрағат құжаттарына кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












