Home Технологиялар Инновациялар Қазақстандық студенттер мен ғалымдар AI Expo көрмесінде тың жобаларын ұсынды

Қазақстандық студенттер мен ғалымдар AI Expo көрмесінде тың жобаларын ұсынды

21

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде AI-Sana апталығы аясында AI Expo көрмесі өтті. Мұнда қазақстандық ғалымдар мен студенттер жасанды интеллект саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерін көпшілікке ұсынды.

Көрмеде таныстырылған жобалар білім беру, медицина, экология, қалалық инфрақұрылым және цифрлық қызмет көрсету бағыттарын қамтыды. Солардың қатарында көру қабілеті нашар жандарға арналған «Инклюзивті гид» құрылғысы, мәтінді қазақ ым тіліне автоматты түрде аударатын SignBridge жүйесі, зиянды заттарды анықтап, тағам сапасын бақылауға мүмкіндік беретін E-nose жобасы бар. Сондай-ақ жасанды дауыс арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға бағытталған қорғаныс жүйесі, студенттердің сұрағына тәулік бойы жауап беретін eCurator чат-боты және онлайн білім беруді кеңейтетін AI-лектор-аватар назар аудартты.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова AI-Sana бағдарламасы аясында еліміздің 95 жоғары оқу орнында шамамен 100 мың студент жасанды интеллект бағытындағы жобалармен айналысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі Alem AI жасанды интеллект орталығы ашылады.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мұндай іс-шаралардың ғылым мен инновацияны тоғыстырып, жас ғалымдар мен мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, AI Expo көрмесі — ел университеттерінің жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанының айқын дәлелі.