Қазіргі таңда мемлекеттік органдар ғарыштық суреттерді пайдалану үшін дайын аппараттық және бағдарламалық шешімдерге ерекше сұраныс көрсетуде. Ғарыштан алынған Жердің қашықтықтан бақылау деректеріне деген қызығушылық күн санап артып келеді. Бұл туралы «Капитал.kz» порталына берген сұхбатында «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Бибосинов хабарлады.
Astana Hub технопаркінің базасында ғарыштық қызмет көрсетуге арналған арнаулы бағыт бар. Онда геоақпараттық технологиялар саласындағы стартаптар акселерациядан өтеді. Мысалы, GIS Analytics жобасының авторлары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа ведомстволарға Жерді ғарыштан бақылап, суреттерді талдау, цифрлық карталар жасау және қалалардың жоспарларын құру қызметін ұсынатын шешім әзірледі.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінде көптеген міндет бар, бірақ Жерді ғарыштан қашықтықтан бақылау саласындағы кез келген жаңа шешім өзекті. Әсіресе егістік алқаптарын суару мәселесінде бұл маңызды. Зерттеулер үшін әртүрлі түсірілім түрлері қажет: радарлық, мультиспектралдық, инфрақызыл және оптикалық. Барлық деректерді өңдеу қажет. Кез келген министрлік немесе компания үшін маңыздысы – тек әдіс емес, дайын аппараттық және бағдарламалық шешімнің болуы», – дейді Асылхан Бибосинов.
Оның айтуынша, қазақстандық геоақпараттық стартаптар шетелдік бәсекелестерді ығыстыра алады, егер олар шешімдерін кеңінен және ыңғайлы түрде ұсынса.
«Жерді ғарыштан қашықтықтан бақылау саласындағы стартаптар өз спутниктік деректерін өңдеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді шығаруқа басымдық береді – бұл нарықта аса өзекті. Бағдарлама пайдалануға ыңғайлы интерфейспен ерекшеленуі тиіс. Сол кезде олар шетелдік технологияларды отандық нарықта алмастыра алады. Дайын шешім жасағанда тек қашықтықтан бақылау емес, IT-ұйымдастыру жұмысы да маңызды рөл атқарады», – дейді Асылхан Бибосинов.
Сарапшының пікірінше, геодеректерге деген сұраныс отандық аэрокосмикалық стартаптарды дамыту үшін жақсы мүмкіндік туғызады.
2019 жылы министрліктің Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы ең өзекті 50 міндеті тізімделген. Әрқайсысы нақты әдістемелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді, цифрлық карталарды талап етеді. Ресми деректерге қарағанда, министрліктер жыл сайын ғарыштық суреттер сатып алуға миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсайды», – дейді Бибосинов.
GIS Analytics стартапының негізін қалаушы Ануар Нуржанов цифрлық технологиялар нарығында алға шығу жолы мен табыс мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
«2019 жылы біз карталар мен жоспарларды автоматты түрде жасауға арналған бағдарламаны әзірледік. Ол спутниктік суреттерді қолмен цифрлау қажеттілігін жояды. Негізгі тапсырыс берушілеріміз – мемлекеттік органдар, әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі. Олар көбіне спутниктік суреттерді пайдаланып, карталар мен жоспарларды әзірлеуді тапсырады», – дейді Нуржанов.
Жобаның жалпы шығыны шамамен 7 млн теңге болса да, дайын бағдарламалық өнім бағасы әлдеқайда жоғары.
«Біздің шешімді 25 млн теңгеге сатамыз. Бұл баға өнімді пайдалану үшін шексіз лицензияны қамтиды. Баға техникалық тұрғыдан өте күрделі өнім болғандықтан және ішкі нарықта аналогы жоқ болғандықтан қалыптасқан. Сонымен қатар, нарық тар, сату циклі ұзақ, өйткені өнім корпоративтік инновациялар қатарына жатады», – деп түсіндірді Нуржанов.
Алайда стартап әзірге шешімін сата алмады – карантинмен байланысты бюджет қайта бөлінгендіктен GIS Analytics жобасы жүзеге аспады.
«Біз әлі нарықты меңгеріп жатырмыз. Алдағы уақытта Қазақстан нарығында жылына екі сатылым жасауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. Сонымен қатар Astana Hub-пен бірлесіп шетелдік нарыққа шығудың жолдарын іздеп жатырмыз. Біз үшін Өзбекстан өте қызықты, онда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, біздің қызметтеріміз қажет болады», – деп түйіндеді Ануар Нуржанов.
Арсен Асқаров