Қазақстанда әуе рейстерінде интернет енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл бастаманы Цифрлық даму министрінің орынбасары Дмитрий Мун көтерді. Оның айтуынша, жолаушыларға ұшу барысында интернет ұсыну – олардың жайлылығын арттырып, әуе компанияларының беделін көтеруге септігін тигізеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтық авиациядағы қызмет көрсету сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті.
— Жолаушылар тасымалына қатысты ең жоғары сапа стандарттарына сай қызмет көрсету деңгейін арттыруға ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселе бойынша шағымдар көптеп түсуде. Қолда бар мәселелерді жүйелі әрі жедел шешу керек. Қазіргі заманғы цифрлық технологиялар операциялық процестерді оңтайландырып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жеделдетуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.
Цифрландыру бағытындағы тағы бір жаңалық
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев үкімет отырысында авиация саласының цифрлық трансформациясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді. Жаңашылдықтардың бірі – рейс кешіккен жағдайда жолаушылар мобильді қосымша арқылы бірден іске қосуға болатын цифрлық сақтандыру жүйесі.
Бұл жүйе жолаушыларға өз рейсін сақтандыруға және қосымша рәсімдерсіз бірден өтемақы алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба биометриялық сәйкестендіру, маршруттарды оңтайландыру және басқа да цифрлық шешімдерді қамтиды. Бұл шаралар авиация саласындағы қызмет сапасын арттыруға және оның тиімділігін жақсартуға бағытталған.