Home Кәсіби маман Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

18

Қазіргі кезеңде стартап бастауға ниетті кәсіпкерлер жасанды интеллект мүмкіндіктеріне жиі жүгінетін болды. Соның нәтижесінде бизнеске қатысты көптеген идея ұсынылып, олардың бірқатары жаңа жобалардың қалыптасуына ықпал етуде. Бұл үрдістің мәнін ашу үшін портал сарапшысы, визуализатор Жанна Даулеталлинамен әңгімелестік.

Жанна Даулеталлина: Мен еңбек жолымды Instagram кеңістігінде жасанды интеллектке негізделген стартаптан бастадым. Жоба барысында әртүрлі нейрожелілер қолданылды. Сонымен қатар цифрлық қызметкерлер ретінде әрекет ететін интеллектуалды жүйелер іске қосылды. Осы үдерісте мен визуализатор ретінде жұмыс істедім.

Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

Мен жұмыс істеген стартап өзіме тиесілі жоба емес, бірге қызмет атқаратын серіктесімнің бастамасы болатын. Сол жобада жасанды интеллект кадр іріктеу процесінде тиімді қолданылды. Компания басшысы үміткерлерге арнайы тапсырмалар ұсынып, біз сол сұрақтарға жауап бердік. Кейін сол жауаптар негізінде жүйе талдау жүргізіп, әр адамның күшті және әлсіз тұстарын анықтады. Соның нәтижесінде әр қызметкер өзінің қабілетіне сай бағытқа орналастырылды.

Тілші: Бұл тәжірибе жасанды интеллектінің нақты қандай салаларда тиімді екенін көрсетеді. Жалпы, оны бизнесте тағы қай бағыттарда қолдануға болады.

Жанна Даулеталлина: Мені әсіресе цифрлық қызметкерлерді қолдану мүмкіндігі қызықтырды. Көптеген мамандықтарда адамның орнын ішінара алмастыруға болады. Мұндай жағдайда адам толықтай шеттетілмейді, керісінше бақылаушы немесе үйлестіруші қызметін атқарады.

Мысалы, мәтін жазумен айналысатын мамандардың бірқатар қызметін автоматтандыруға болады. Сондай-ақ қоңырауларға жауап беретін операторлардың жұмысын да интеллектуалды жүйелер орындай алады. Бүгінде мұндай жүйелер әңгімеге бейімделіп, мазмұнды жауап беруге қабілетті. Олар бір сарынды жауаппен шектелмей, сұхбатты табиғи жалғастыра алады, тіпті кей жағдайда жеңіл әзіл элементтерін де қолданады

Жасанды интеллектіні қаржылық есеп жүргізу саласында да қолдануға болады. Қажетті деректер енгізілгеннен кейін жүйе кіріс пен шығысты нақты саралап, қаржылық нәтижені анық көрсетеді. Сонымен қатар табысты есептеп, салық көлемін анықтау сияқты міндеттерді де орындай алады

Тіпті кей жағдайларда интеллектуалды жүйелер психологиялық қолдау құралы ретінде де қолданылады. Кей адамдар өз ойын жақындарына жеткізе алмаған кезде, осындай жүйелер арқылы кеңес алып, белгілі бір деңгейде қолдау таба алады

Тілші: Табысты стартаптарға қатысты нақты мысал келтіре аласыз ба?

Жанна Даулеталлина: Иә, мұндай жобалардың бірі ретінде Higgsfield AI компаниясын айтуға болады. Бұл жоба Қазақстанда құрылған және қысқа уақыт ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізді

Автор ескертпесі: Higgsfield AI компаниясын Алекс Машрабов пен Ерзат Дулат негізін қалаған. Жоба Қазақстан тарихындағы алғашқы ауқымды стартаптардың бірі ретінде бағаланады. 2025 жылдың қыркүйегінде оның нарықтық құны бір миллиард доллардан асты. Компания генеративті жасанды интеллект негізінде бейнематериалдар жасауға маманданған. Инвестиция тарту арқылы өз әлеуетін кеңейтіп, халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Негізгі өнімі мәтіндік сұраныс арқылы бейне контент қалыптастыратын интеллектуалды модельдер болып табылады. Компания ірі технологиялық корпорация тарапынан ұсынылған сатып алу келісімінен бас тартып, тәуелсіздігін сақтап қалды

Тілші: Бұл шынында да назар аударарлық мысал. Ал сіздің өзіңізде қандай да бір жобалық ойлар бар ма?

Жанна Даулеталлина: Қазіргі уақытта мен YouTube платформасына арналған анимациялық сериалдар әзірлеу мүмкіндігін зерттеп жүрмін. Бұл бағытта әлі ізденіс үстіндемін.

Жалпы, жасанды интеллект мұндай жобаларды толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол сериал идеяларын ұсынудан бастап, сценарий мен диалог жазуға, бейнематериал әзірлеуге, режиссерлік шешімдер қабылдауға дейінгі барлық кезеңді қамти алады.

Сонымен қатар синтезделген дауыс пен музыканы қолдану арқылы дайын өнімді толық қалыптастыруға болады.

Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

Тілші: Сіз жасанды интеллектіні тек жұмыс барысында ғана емес, күнделікті өмірде де жиі қолданасыз ғой.

Жанна Даулеталлина: Иә, іс жүзінде үнемі және түрлі бағытта қолданамын. Мысалы, оқу үшін YouTube платформасындағы қандай да бір бейнесабақты немесе шеберлік дәрісін көру қажет болады. Кейде оның ұзақтығы екі-үш сағатқа созылады. Осындай жағдайда негізгі ойды, басты тұжырымдарды іріктеп беруді сұраймын. Соның нәтижесінде уақытты үнемдейтін қысқа әрі мазмұнды нұсқасын аламын.

Сол сияқты қажет диктофон жазбаларын NotebookLM жүйесіне енгізіп, ұзақ мәтіннің орнына ықшам әрі нақты мазмұн аламын.

Кейде сұхбатқа дайындалғанда қойылатын сұрақтарға қалай қысқа әрі нұсқа жауап беруге болатынын да сұраймын. Жүйе жауаптарды түсінікті құрылымға келтіріп, қабылдауға жеңіл форматта ұсынады.

Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

Тілші: Қандай нейрожелілерді қолдануға болады. Әсіресе стартап идеясын қалыптастыру мен оны есептеуде қандай құралдар тиімді?

Жанна Даулеталлина: Қай бағыттың өзекті екенін анықтау, тәуекелдерді бағалау, жобаның құнын есептеу сияқты міндеттердің бәрін нейрожелілер орындай алады. Мысалы, ChatGPT әмбебап диалогтық жүйе ретінде кеңінен қолданылады. Gemini аналитикалық мүмкіндігімен және Google сервистерімен үйлесімділігімен ерекшеленеді. DeepSeek қытайлық кең таралған сервис. Ал Claude сапалы мәтін құрастыруға бейім.

Қазіргі таңда бұл жүйелер тек ағылшын тілінде ғана емес, орыс және қазақ тілдерінде де қолжетімді. Бұрын мұндай мүмкіндік шектеулі болатын.

Тілші: Сіздің ойыңызша, табысты стартап жасау үшін не қажет?

Жанна Даулеталлина: Ең алдымен бірнеше бағытты қатар қарастырып, әрқайсысын жан-жақты талдау қажет.

Мысалы, ChatGPT дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі, қай тұсқа назар аудару керектігін көрсетеді, адамның күшті жақтарын айқындайды. Стартап кез келген салада болуы мүмкін. Ал нейрожелі сол уақыттағы жағдайға сүйене отырып, толық талдау жасап береді. Қай кезде бастау керектігін де ұсынады.

Кей жағдайда әлсіз тұстарды көрсетіп, әлі ерте екенін, белгілі бір бағыттарды жетілдіру қажет екенін ескертеді. Сонымен қатар жоспарланған жоба бойынша нарықтық талдау жүргізіп, мақсатты аудиторияны анықтауға көмектеседі. Жобаны жүзеге асыруға кететін уақытты, алғашқы табысқа жету мерзімін шамалап есептеп береді. Тіпті белгілі бір саладағы сәтсіздік ықтималдығын да бағалай алады.

Тілші: Ең дұрыс әрі толық жауап алу үшін нені ескеру қажет?

Жанна Даулеталлина: Көп нәрсе сұраныстың сапасына байланысты. Сұрақ нақты әрі түсінікті қойылуы тиіс. Мұндай сұраныс арнайы ұғыммен аталады, оны промпт деп атайды. Егер сұраныс дұрыс құрастырылса, жауап та сапалы болады

Автор ескертпесі:Промпт дегеніміз – пайдаланушының нейрожеліге жолдайтын мәтіндік тапсырмасы немесе нұсқауы. Оның нақтылығы алынатын нәтиженің сапасы мен сенімділігіне тікелей әсер етеді.

Жанна Даулеталлина: Жауап сапалы болуы үшін сұранысты дұрыс құрастыру маңызды. Бұрын бізді компьютерлік сауаттылыққа қалай үйретсе, бұл жерде де сол қағида сақталады. Жүйеге нақты тапсырма беріп, оның баптауларын дұрыс пайдалану қажет.

Мысалы, қай салада жауап беруі керектігін нақты көрсетуге болады. Сонымен қатар тек жағымды пікір айтумен шектелмеуін талап ету керек. Маған жауаптың ұнағаны емес, оның шынайы әрі толық болғаны маңызды.

Бастапқыда мұны білмеген кезде тек мақтау мен жағымды пікірлер ғана алатынмын. Жүйе үнемі көтермелеп, бәрін жақсы деп бағалайтын. Әрине, бұл жағымды әсер қалдырады. Алайда нақты әрі объективті жауап алу әлдеқайда маңызды.

Қазақстандық сарапшы жасанды интеллектінің бизнеске әсерін түсіндірді

Тілші: Бизнес саласында жасанды интеллектімен жұмыс істеген кезде нақты емес ақпарат алу қаупі қаншалықты жоғары?

Жанна: Қалай болғанда да, кез келген мәліметті тексеру қажет. Бұл әдейі жаңылыстыратын адам емес, қателесуі мүмкін жүйе.

Мен бір ғана дереккөзге сүйенбей, бірнеше түрлі ресурсты қатар қолдануға кеңес берер едім. Қандай да бір қорытынды жасамас бұрын, оны үш-төрт түрлі нейрожелі арқылы салыстырып қараймын.

Тілші: Жауаптар бір-бірінен айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін бе?

Жанна: Нейрожелілер әртүрлі елдерде әзірленеді, көбіне АҚШ-та жасалады. Сондықтан олардың арасында айырмашылық бар. Себебі әр жүйе белгілі бір елдің қоғамдық үлгісіне, саяси ұстанымына және дүниетанымына бейімделіп құрылады. Мысалы, Қытай мен АҚШ қоғамының айырмашылығы қандай болса, олардың ойлау жүйесі де әртүрлі. Нейрожелілер осы ерекшеліктерді белгілі бір деңгейде қайталайды.

Сондықтан әр адам өзіне қолайлы құралды таңдауы тиіс деп ойлаймын. Өзіме Gemini жүйесімен жұмыс істеу ыңғайлы. Оның жауаптары маған анағұрлым түсінікті әрі жақын көрінеді. Дегенмен көбіне бірнеше нейрожеліні қатар пайдаланамын.

Тілші: Стартапты енді бастап жатқан адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жанна: Қорықпау керек, бірақ асығыстыққа да жол бермеу қажет. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, барлық қадамды мұқият саралаған жөн. Ең бастысы, үздіксіз еңбектеніп, жаңа білім жинақтап, тәжірибе арттыру қажет.