Қазақстандық музыкалық шығармалар Meta компаниясына тиесілі әлеуметтік желілерде қайта қолжетімді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Әділет министрлігіне қарасты Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрайымы Шолпан Әбдреева хабарлады.
Оның айтуынша, Әділет министрлігі қазақстандық авторлар мен құқық иелерінің мүддесін қорғайтын ұйым мен Meta платформасының арасында келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде өзара келісімге келіп, Instagram мен Facebook желілерінде отандық музыканың қолданылуы заңдастырылды.
«Өткен аптадан бастап қазақ тілді музыкалық контент әлеуметтік желілерге қайта енгізіле бастады», — деді Шолпан Әбдреева. Ол сондай-ақ Meta компаниясының ашық ұстанымы мен келіссөздер барысында белсенділік танытқан Қазақстан авторлық қоғамының еңбегін атап өтті.