Home Технологиялар Ғаламтор және желі Бас прокуратура қазақстандықтарды жаңа киберқатерден сақтандырады

Бас прокуратура қазақстандықтарды жаңа киберқатерден сақтандырады

24

Қазақстанның Бас прокуратурасы WhatsApp мессенджерінде пайда болған жаңа киберқатер туралы ескерту жариялады. Ведомствоның ресми хабарламасында қазақстандықтарға сақ болу керектігі атап көрсетілген.

Шетелдік ақпарат көздеріне сүйенсек, қылмыскерлер WhatsApp парақшаларын бақылауға алудың жаңа тәсілін қолдана бастаған. GhostPairing деп аталатын бұл әдіс құпиясөзді білуді, SIM-картаны алмастыруды немесе техникалық күрделі шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар мессенджердегі «қосымша құрылғыларды байланыстыру» мүмкіндігін пайдаланып, парақшаға заңды түрде қосылып, толық қол жеткізе алады.

Қолданушылардың алдынан сценарий қарапайым көрінеді. Оларға Facebook немесе WhatsApp-тен келгендей жасалған хабарлама келеді. Хабарлама пайдаланушыны Facebook пен WhatsApp интерфейсін сыртынан қайталаған жалған сайттарға бағыттайды.

Жалған сайт телефон нөмірін және растайтын кодты енгізуді талап етеді. Код енгізілген сәттен бастап алаяқ пайдаланушының парақшасына сенімді құрылғы ретінде қосылып, хат-хабарларды оқуға, медиа материалдарды көруге, байланыс тізіміне кіруге, хабарлама жіберуге, телефондағы суреттер мен бейнежазбаларды қарауға мүмкіндік алады. Телефон әдеттегі жұмысын жалғастырып, ешқандай күдік тудырмайды.

Парақшаның бақылауға алынғанын тексерудің жалғыз жолы – «Қосылған құрылғылар» бөлімін қарау. Белгісіз қосылым көрінсе, парақша қауіпке ұшырағанын білдіреді және оны дереу жою қажет.

Бас прокуратура қазақстандықтарға киберқауіпсіздікті сақтау үшін мына ережелерді ұстануға кеңес береді:

– Белгісіз хабарламаларға, қоңырауларға және әртүрлі ескертулерге сақтықпен қараңыз;
– WhatsApp кодын үшінші тарап сайттарына енгізбеңіз, қолданба сыртында код сұрау – әрдайым алаяқтық;
– Екі факторлы растауды қосыңыз;
– Парақшаңыздың белсенділігін үнемі тексеріп отырыңыз;
– Қорғаныс бағдарламалық құралдарды пайдаланыңыз.