Қазақстанда өнеркәсіптік дрондар өндірісін Қытайдың Yesil Technology Company компаниясы жүзеге асырады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына және Орталық Азия елдеріне жеткізілмек, деп хабарлады KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Жоба аясында 50 000 шаршы метр аумақты қамтитын өндірістік және ғылыми-зерттеу аймағының құрылысы жоспарланған. Онда аккумуляторлар өндірісіне арналған цех, инновациялық технологиялар бойынша зерттеу орталығы, ұшу аппараттарының толық циклды сақталуы, сынақ алаңдары және басқа да инфрақұрылым қарастырылған.
Жаңа өндіріс орнында 500 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
- Біз өнімді жаңарту мен жетілдірумен ғана шектелмейміз. Сонымен қатар жергілікті мамандарды пилотсыз ұшу аппараттары технологиясы саласында дайындау миссиясын мойнымызға аламыз. Ғылыми ұйымдармен және компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істеп, оқыту бағдарламаларын әзірлейтін боламыз. Бұл технологияларды нығайтуға және кадрлардың кәсібилігін арттыруға мүмкіндік береді,- деп атап өтті “Yesil Technology” компаниясының бас директоры Юннин Хуэй.
Әлемдік дрондар федерациясының мәліметінше, 2024 жылы төмен биіктіктегі ұшу экономикасының жаһандық нарығы 318,64 миллиард АҚШ долларына жетеді. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,8 триллион доллардан асады. Мысалы, Қытайда 2023 жылы төмен биіктіктегі ұшу экономикасының нарық көлемі 68,65 миллиард долларды құрады, ал 2024 жылы 79 миллиардқа жетуі мүмкін. Келесі бес жылда жыл сайынғы орташа өсім 16,03% деңгейінде болатыны болжануда. Бұл көрсеткіштерге дрондардың ауыл шаруашылығынан бастап экологияны қорғау, төтенше жағдайларды басқару және арнайы нысандарды күзету секілді көптеген салаларда кеңінен қолданылуының арқасында жеттік.
Yesil Technology – Қытайдың Shaanxi Kaizhuo Electronic Technology Co., Ltd. компаниясына тиесілі еншілес ұйым. 2024 жылдың наурызында құрылған компания төмен биіктіктегі дрондарға арналған интеллектуалды шешімдер саласында көшбасшы болып табылды. Компания ұшу аппараттары үшін байланыс жүйелерін әзірлеуге және дайын құрылғыларды өндіруге маманданған. Аталған дрондар ауыл шаруашылығы мониторингі, экологияны қорғау, арнайы нысандарды күзету, төтенше жағдайларды басқару, сондай-ақ дрондарға қарсы іс-қимыл сияқты салаларда қолданылатын болады.