Қазақстанда онлайн-проституциямен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан топтың ісі сотқа жіберілді, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылы Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында арнайы операциялар кезінде осы топқа қатысы бар 21 адам ұсталған. Қылмыстық топ құрамында Қазақстан және шетел азаматтары болған. Тергеу барысында күдіктілер модельдік агенттік атын жамылып, 18-25 жас аралығындағы қыздарды вебкам-бизнеске тартқаны анықталған. Топтың жалпы қаржы айналымы 3 миллиард теңгеден асқан.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленуі мүмкін.
2024 жылдың күзінде Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, интернет арқылы сексуалдық қызмет көрсетуге қатаң тыйым салынды. Енді вебкам-студиялар арнаулы орындар ұйымдастыру немесе адамдарды жезөкшелікке мәжбүрлеу әрекеті ретінде қарастырылып, ауыр жазаға тартылады.