2025 жылдан бастап электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) тек биометриялық сәйкестендіру арқылы алу мүмкін болады. Бұл шешім деректердің құпиялылығын арттыру мақсатында қабылданды. Цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, флэш-картадағы ЭЦҚ жеке деректердің жария болу қаупін тудырады.
«Біз ЭЦҚ-ны халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) офлайн түрде беру қызметін біртіндеп тоқтатып, тек онлайн форматта, биометриялық сәйкестендіру арқылы іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді вице-министр. – Біз барлық мемлекеттік қызметтерді жеке деректерге қолжетімділікті бақылау қызметіне кезең-кезеңімен қосып жатырмыз.Азаматтардың ХҚКО-да физикалық түрде болуы жеткіліксіз. Олар SMS-хабарлама арқылы немесе eGov порталында тіркелген телефон нөмірін пайдаланып, өздерінің қатысуын растауы керек. Немесе бұл биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады. Мұндай шаралар алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін маңызды».
Айта кетейік, Қазақстанда жеке деректерді заңсыз жинау үшін салынатын айыппұл көлемін үш есеге арттыру жоспарлануда. Сенатор Ләззат Рысбекованың мәлімдеуінше, заңсыз деректер жинау немесе өңдеу үшін:
-жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 10 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін;
-шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға, сондай-ақ нотариустар мен жеке сот орындаушыларына 20 АЕК-тен 60 АЕК-ке дейін;
-орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін;
-ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 70 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Енгізілген бұл шаралар жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.