Home Кәсіби маман Аналитика Қазақстанда ұялы телефондарды тіркеу ережесі өзгереді

Қазақстанда ұялы телефондарды тіркеу ережесі өзгереді

31

2025 жылғы 24 наурыздан бастап Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларын тіркеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Олар тек осы күннен кейін елге әкелінген телефондарға қатысты болмақ. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап, Turantimes.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Жаңа талаптар заңсыз әкелінген құрылғылардың таралуын шектеу, алаяқтықтың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында енгізілмек. Идентификациялық кодтар дерекқорында (БДИК) бұрыннан тіркелген телефондар автоматты түрде “ақ тізімге” енгізіледі және еш шектеусіз жұмысын жалғастырады.

Мобильді құрылғылардың заңсыз айналымы – Қазақстанда шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Бүгінде елде 3,7 миллионға жуық телефон бірдей IMEI-кодпен тіркелген. Бұл – көбіне заңсыз әкелінген телефондар. Көлеңкелі нарықтың кеңеюі құрылғыларды бақылау жүйесін әлсіретіп, ұрлық пен әділетсіз бәсекенің артуына себеп болып отыр. Жаңа ережелер осы мәселелерді шешуге бағытталған.

Жаңа ережелердің басты жаңалығы – мобильді құрылғыларды тексеру процесі. Тіркеу кезінде IMEI-кодтың түпнұсқалығы анықталып, құрылғының халықаралық ұрланған немесе бұғатталған телефондар базасында бар-жоғы қаралады. Сондай-ақ, оның Қазақстанға заңды жолмен әкелінгені расталуы тиіс.

2025 жылдың 24 наурызынан бастап елге әкелінген мобильді құрылғылар тіркеу кезінде үш санатқа бөлінеді:

Ақ тізім – заңды түрде әкелінген, IMEI-коды расталған құрылғылар. Олар еш шектеусіз тіркеледі.

Сұр тізім – уақытша тіркеуге алынған телефондар. Иесі 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде сатып алынғанын растауы керек.

Қара тізім – қолдан жасалған, ұрланған немесе заңсыз әкелінген құрылғылар. Мұндай телефондар бұғатталады.

Бұрын тіркелген телефондар автоматты түрде ақ тізімге енгізіледі, оларға өзгеріс әсер етпейді.

Жаңа мобильді құрылғыларды сатып алушылар IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтында алдын ала тексеріп, телефонның заңдылығын растай алады. Егер құрылғы сұр тізімге енгізілсе, оның иесі ұялы байланыс операторының хабарламасын алып, 30 күн ішінде құрылғының заңды жолмен әкелінгенін растауы тиіс. Хабарламада құрылғыны сатып алу туралы ақпарат және шекарадан өткен күні көрсетілген сауалнама болады. Егер иесі белгіленген уақыт ішінде құрылғыны тексерістен өткізіп үлгермесе, өзіне ыңғайлы сәтте хабарламадағы сілтемеден өту арқылы рәсімді қайтадан аяқтай алады.

Бұл өзгерістер тұтынушыларға сатып алынған мобильді құрылғылардың заңды екеніне сенімділік береді, сонымен қатар сапа мәселесін де қамтамасыз етеді. Бизнесте ашық бәсекелестік қалыптасып, нарықтың дамуына ықпал етеді. Ал мемлекет мобильді телефондарды импорттауды бақылауды күшейтіп, заңсыз құрылғылардың таралуын және алаяқтықтың деңгейін төмендетуге мүмкіндік алады.