Қазақстанда ұялы байланыс қызметтерінің құны айтарлықтай қымбаттаған. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау кейбір операторларда тарифтер 151 пайызға дейін қымбаттағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен ұялы байланыс тарифтеріне арналған отырыста айтты.
Депутаттың айтуынша, жүргізілген талдау тарифтердің едәуір өскенін көрсеткенімен, мұндай өзгерістердің нақты себептері ашық түсіндірілмеген. Сондай-ақ ол салаға жаңа инвесторлардың келмеуіне назар аударды. Егер нарық тартымды болса, оған қаржы салуға ниетті компаниялар табылар еді, деді ол.
Бұдан бөлек, байланыс сапасына қатысты мәселелер де көтерілді. Депутат интернет-трафиктің тез таусылатынын, ал шектеусіз тарифтерге қарамастан айдың соңғы күндері интернеттің істемей қалатынын атап өтті. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл проблема өзекті күйінде қалып отыр.
Қазіргі таңда нарықта үш оператор ғана жұмыс істейді. Сарапшылар мұндай жағдай бәсекелестіктің төмендеуіне әкеліп, тарифтердің өсуіне әсер етеді деп есептейді. Өткен жылы антимонополиялық органға мыңнан астам шағым түссе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 1,7 мыңнан астам өтініш тіркелген.
Мәжіліс депутаттары азаматтардан түсетін шағымдардың әлі күнге дейін жүйелі шешімін таппай отырғанын да атап өтті. Бұған дейін қазақстандықтардың интернет пен байланыс қызметтеріне жұмсайтын шығыны Ресей мен Қытай тұрғындарымен салыстырғанда жоғары екені хабарланған еді.












