Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында елдегі кітапхана саласының даму көрсеткіштерін бір арнаға тоғыстыратын LABA (Library and Book Analytics) талдамалық медиаплатформасы таныстырылды. Жаңа цифрлық жоба кітапхана жүйесінің негізгі көрсеткіштерін жинақтап, оларды талдау мен салыстыруға мүмкіндік береді. Платформаның ерекшеліктері туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Качественный Казахстан» порталы.
Ведомствоның мәліметінше, платформада кітапханалардың қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштердің кең ауқымы қамтылған. Олардың қатарында кітапхана желісінің жай-күйі, пайдаланушылар мен келушілер саны, кітап қоры мен кітап беру көрсеткіштері, цифрлық ресурстар, сондай-ақ кітапхана саласындағы кадрлық әлеует туралы деректер бар. Ақпарат диаграммалар, рейтингтер, интерактивті кестелер және өңірлер арасындағы салыстырмалы көрсеткіштер түрінде ұсынылған. Бұл тәсіл кітапхана саласының даму қарқынын жүйелі түрде бақылап, әр өңірдегі көрсеткіштерді өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
LABA платформасының ақпараттық негізін «Қазақстан кітапханалары 2025 жыл. Деректер мен көрсеткіштер» атты ғылыми-талдамалық шолу құрайды. Жаңа статистикалық есептер жарияланған сайын платформадағы ақпаратты жедел жаңартып отыру мүмкіндігі қарастырылған. LABA интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді әрі мобильді құрылғыларды пайдалануға бейімделген. Жобаның авторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік қызметінің қызметкері Нұрлыхан Жұмахан.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












