Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуда тағы бір маңызды қадам жасады. Астанада Solana блокчейн-платформасы негізінде құрылған Solana Economic Zone Kazakhstan жобасы іске қосылды. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы арнайы блокчейн-аймақ.
Жоба Solana Foundation қорының қолдауымен өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен Web3 экожүйесінің жетекшілері қатысты.
Мұндай экономикалық аймақтар әлемнің түрлі елдерінде технологиялық серпіліске серпін беріп келеді. Мәселен, Дубайдағы DMCC Crypto Centre – крипто-компаниялар мен стартаптар шоғырланған орталық. Онда бизнесті жүргізуге қолайлы реттеулер бар, ал жаңа жобаларға инфрақұрылым мен инвестицияға қолжетімділік қарастырылған.
Қазақстан да үздік халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып, оларды өз қажеттіліктеріне сай бейімдеуде. Solana Economic Zone тәжірибе алмасуға, пилоттық жобалар сынауға және отандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашпақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл бастама – еліміздің цифрлық саладағы стратегиялық бағытын көрсетеді:
«Біз тұрақты әрі бәсекеге қабілетті цифрлық орта құруды көздейміз. Solana Economic Zone сынды жобалар бізге активтерді токенизациялаудан бастап, Web3 саласына кадр даярлауға дейінгі жаңа тәсілдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Шара барысында энергетика, қаржы, агротехнология, ойын индустриясы және сауда салаларында жұмыс істейтін халықаралық стартаптар өз блокчейн-шешімдерін таныстырды. Сонымен қатар, құнды қағаздар, алтын, жылжымайтын мүлік сынды активтерді токенизациялау мүмкіндіктері де талқыланды.