Home Ақша Қазақстанда онлайн несие беру тәртібі күшейтіледі

Қазақстанда онлайн несие беру тәртібі күшейтіледі

9

Елімізде интернет арқылы рәсімделетін тұтынушылық несиелерге шектеу енгізілмек. Бұл бастама қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындаған жаңа ережеде қарастырылған.

Құжат жобасына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарына онлайн түрде берілетін кепілсіз несиелерді 150 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 690 мың теңге) асқан жағдайда, қаржыны клиентке бірден аударуға тыйым салынады. Енді мұндай несиелерді рәсімдеген соң, қаражатты аудару кемінде 24 сағат өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, қаражатты аудару үшін қарыз алушының нақты келісімі қажет болады. Бұл келісім eGov порталы немесе ресми бекітілген өзге де жолдар арқылы расталуға тиіс.

Жоба сондай-ақ «ойлану мерзімін» енгізуді қарастырады. Егер бір тәуліктің ішінде клиент бірнеше рет микроқарыз рәсімдеп, олардың жалпы сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, банктер мен қаржы ұйымдары жаңа қарыз беруді уақытша тоқтатуы тиіс.

Мұндай шектеулер халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыруды және интернет арқылы оңай рәсімделетін қарыздардан болатын тәуекелдердің алдын алуды мақсат етеді.