Home Сараптама Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі енді онлайн рәсімделеді

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі енді онлайн рәсімделеді

9

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында ең көп сұранысқа ие қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бұл ретте бұрын негізінен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ұсынылып келген ТОП-10 мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіруге ерекше назар аударылуда. Аталған қызметтер фронт-офистердегі жалпы келушілер ағынының шамамен 80 пайызын құрайды. Оларды цифрландыру кезектерді азайтуға, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Осы тұрғыда маңызды қызметтердің бірі — электрондық цифрлық қолтаңбаны рәсімдеу. 2025 жылдың тамыз айынан бастап бұл қызмет толықтай онлайн форматқа ауыстырылды. Өтінім беру мен қолтаңбаны алу қашықтан жүзеге асырылады және биометриялық сәйкестендіруден міндетті түрде өтуді талап етеді.

Айта кету керек, қашықтан қызмет алу форматына сұраныс онлайн жүйе міндетті түрде енгізілмей тұрып-ақ қалыптасқан. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында электрондық цифрлық қолтаңба онлайн форматта шамамен 27 миллион рет рәсімделген, ал халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бір миллионнан сәл ғана астам өтінім қабылданған. (Қызмет толықтай онлайн форматқа көшірілгенге дейінгі кезеңде, яғни 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында: онлайн — 26 757 260, офлайн — 1 203 002.) Демек, сол кезде-ақ қолтаңбалардың шамамен 96 пайызы қашықтан берілген, ал азаматтардың жеке барып жүгіну үлесі 4 пайыздың шамасында болған.

2026 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштерді 2025 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, тұрақты үрдіс айқын байқалады. Қазіргі уақытта азаматтардың 99,6 пайыздан астамы электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн рәсімдеуді таңдайды. Бұл жылдам әрі ыңғайлы қызмет форматына сұраныстың артқанын көрсетеді.

Сонымен бірге әлеуметтік тұрғыдан маңызды жағдайлар да ескерілген. Егер азамат биометриялық сәйкестендіруден бес рет қатарынан өте алмаса, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері қызметті офлайн форматта көрсетуге құқылы. Мұндай жағдайда қосымша фототіркеу жүргізіліп, тұлғаны модераторлық тексеру рәсімі жүзеге асырылады.

Жаңа онлайн механизм мобильді азаматтар базасындағы абоненттік нөмір туралы мәліметтерді бір мезгілде жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл SIM-карталарды міндетті тіркеу туралы заң талаптарының сақталуына, үшінші тұлғалардың телефон нөмірлерін заңсыз пайдалану қаупін азайтуға және цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі де толық цифрлық форматқа көшірілді. 2025 жылғы 19 қарашадан бастап бұл қызмет толықтай онлайн жүзеге асырылады. Енді тіркеу рәсімі тек eGov порталы, eGov mobile мобильді қосымшасы және банктік қосымшалар арқылы қашықтан көрсетіледі.

Цифрландыру аясында қызмет көрсетудің өмірлік жағдайлары да кеңейтілді. Енді қамқоршылар, қорғаншылар және жалға берілетін тұрғын үй иелері тіркеу рәсімін қашықтан жүзеге асыра алады. Бұған дейін бұл санаттағы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке барып, қағаз түріндегі растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті еді. Қазіргі уақытта қажетті рәсімдердің барлығы онлайн қолжетімді.

«Біздің басты мақсатымыз — азамат пен мемлекет арасындағы өзара әрекетті барынша ыңғайлы әрі технологиялық тұрғыдан тиімді ету. Қазіргі таңда көптеген азамат электрондық цифрлық қолтаңбаны цифрлық форматта алуды таңдауда. Бұл тек уақытты үнемдеу ғана емес, елдегі қауіпсіз цифрлық экожүйені қалыптастырудың маңызды негізі. ТОП-10 мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру ресурстарды басқару моделін қайта қарауға мүмкіндік берді. Босап шыққан әлеует инновациялық сервистерді дамытуға және жасанды интеллект шешімдерін енгізуге бағытталып отыр», — деді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин.

2024 жылы халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторлары арқылы 15,2 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13 миллионнан сәл ғана асты. Бұл азаматтардың офлайн өтініштері шамамен 2 миллионға немесе 13 пайызға азайғанын білдіреді. Керісінше, eGov порталы, eGov Mobile қосымшасы және өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары сияқты цифрлық арналар арқылы қызмет алу үлесі артқан.

Жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар цифрлық мемлекет моделін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Мұндай жүйеде мемлекеттік қызметтер азаматтар үшін әлдеқайда жылдам, түсінікті әрі қолжетімді болады. Сонымен қатар босап шыққан ресурстар технологиялық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға және жасанды интеллектке негізделген заманауи шешімдерді енгізуге бағытталады.