Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жалғасуда. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, биыл 44 қызмет қысқартылып, 20 қызмет проактивті форматқа көшіріледі.
Өткен жылы елде цифрлық трансформацияның нормативтік және әдістемелік негіздері әзірленіп, сарапшылар базасы құрылды. Әр түрлі салада ауқымды реформалар құрылды.
Нәтижесінде, 23 мемлекеттік органдағы 1 200-ден астам процесс қайта қаралып, 468 бизнес-үдеріс оңтайландырылды. Бұл қызмет көрсету уақытын орта есеппен 45%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 98 қызметті оңтайландыру арқылы олардың орындалу уақыты 55%-ға жеделдетілді. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде бұл көрсеткіш тиісінше 55% және 85% болды.
Бұдан бөлек, БҰҰ деректері бойынша Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кірді. Ал цифрландыру деңгейі жағынан 193 елдің ішінде 24-орынға жайғасты.
Бүгінде халықтың 93%-дан астамы eGov порталы арқылы электронды қызметтерге қол жеткізе алады, ал мемлекеттік қызметтердің 90,8%-ы смартфон арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаны енгізу рәсімдерді едәуір жеңілдетті: өткен жылы қазақстандықтар QR арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойды.
Сонымен қатар, цифрлық әскери билет қағаз түріндегі құжатты толықтай алмастырды. Балабақшаға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында ашық жүргізілетін болды. Еуропротоколды енгізу арқылы жол-көлік оқиғаларын полицияның қатысуынсыз рәсімдеуге мүмкіндік туды, бұл сақтандыру төлемдерін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартты. Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру жеке сот орындаушыларының араласуын азайтып, азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдетті.
Цифрландыру балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары мен жатақханаларға қабылдау үдерісін жеңілдетіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтерін оңтайландыруға да ықпал етті.