Қазақстанда интернет қолданушыларының жауапкершілігін кеңейтетін заңнамалық түзетулер қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта жазалау тек заң бұзған жарияланымдардың авторларына қатысты болса, жақын арада репост жасағандарға да айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Mobilaser NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Білетіндеріңіздей, Мәжіліс «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжатқа сәйкес, желідегі заңсыз материалдарды таратқаны үшін жауапты тек авторлар ғана емес, басқа адамдардың жазбаларын бөлісетін қолданушылар да болады.
Қолданыстағы «Интернет-платформалар және интернет-жарнама туралы» заңға сәйкес, заңсыз контентке конституциялық құрылымды құлату шақырулары, экстремистік немесе террористік насихат, зорлық-зомбылық көріністері және есірткі туралы ақпарат жатады. Мұндай белгілері бар материалдар сараптамадан өткізіледі, ал жазалау туралы шешімді сот қабылдайды.
Сарапшылар заңдағы кейбір түсініксіз тұстар сөз бостандығын шектеу қаупін арттыруы мүмкін дейді. «Сараптама мен сот шешімдері айқын әрі ашық болу керек, әйтпесе тек пікірін бөліскен қолданушылар да жауапқа тартылуы мүмкін», — деп ескертеді құқық қорғаушылар.
Қазіргі таңда интернеттегі балағат сөздер мен қорлаулар үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған (786 400 теңге). Егер заң жобасы қабылданса, репост жасау да жазаланудың себебі болуы мүмкін.












