Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қорының құрылуы – елдің білім мен шығармашылыққа негізделген жаңа экономикалық модельге көшу жолындағы маңызды бетбұрыс болмақ.
Жаңа қор корпоративтік бірлестік форматында құрылады. Оның құрамына еліміздің алдыңғы қатарлы білім беру және шығармашылық ұйымдары енбек. Бұл – жай ғана бюрократиялық құрылым емес, нақты тәжірибесі бар, мәдени ортамен тығыз байланыста жұмыс істейтін алаң болатынын білдіреді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қор жұмысының төрт негізгі бағытын атап өтті. шығармашыл жастарға қолдау көрсету. Бұл – байқаулар мен хакатондар өткізу, шалғай өңірлерге дейін жететін мобильді продюсерлік орталықтарды іске қосу сияқты бастамаларды қамтиды. Екінші бағыт – жұмыс істеп тұрған жобаларды дамыту. Мұнда стартаптарды акселерациядан бастап нарыққа шығуға дейінгі толық қолдау тетіктері қарастырылған. Үшіншісі – инфрақұрылымды қалыптастыру: креативті хабтар мен арт-кеңістіктер құру, шығармашылықпен айналысатын адамдарға мемлекеттік нысандарды пайдалануға беру мүмкіндігі. Төртінші бағыт – халықаралық нарыққа шығу. Яғни, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, экспортқа қолдау көрсету, маркетинг пен сыртқы коммуникацияны дамыту.
Қордың қаржыландыру жүйесінде де тың жаңалық бар. Қаражат ұлттық лотерея операторының кірісінің 3 пайызы есебінен құралады. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде бұрыннан бар – лотереядан түскен табыс мәдениет пен спорт сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларға бағытталады. Дегенмен ең маңыздысы – бұл қордың венчурлық компонентке ие болуы. АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) аясында креативті стартаптарға инвестиция тартумен айналысатын арнайы бөлімше құрылады. Осылайша шығармашылық ұжымдар гранттарға ғана емес, нақты инвестициялық қолдауға да үміткер бола алады.
Бұл – креативті еңбекті жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды қадам. Енді суретші, режиссер, дизайнер сияқты шығармашылық иелері тек көмекке мұқтаж тұлғалар емес, нарықта нақты зияткерлік өнім ұсынатын, экономиканың белсенді ойыншылары ретінде танылады.
Бұндай тәсіл – жаһандық үрдістермен үндес. Бүгінде дамыған елдерде креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесі 7-8 пайызға дейін жетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 1 пайыз шамасында ғана, дегенмен оның қарқынды өсетініне негіз бар. Жастардың креативті мамандықтарға бет бұрып, жаңа студиялар, арт-қауымдастықтар мен дизайнерлік бюролардың көбеюі – соның айғағы. Алайда қажетті инфрақұрылым мен инвестицияның жетіспеуі бұл әлеуеттің толық ашылуына кедергі келтіріп отыр.
Мемлекеттің зияткерлік еңбекке басымдық бере бастауы – елеулі бетбұрыс. Бұл мәдениетті шығынды сала ретінде емес, экономикалық өсім мен дамудың қозғаушы күшіне айналдыра бастағанымызды аңғартады.
Жаһандану дәуірінде креативті сала жаңа бәсекелестік алаңына айналып отыр. Мәдени кодтарды, символдар мен мағыналарды кім қалыптастырса, сол қоғамның даму бағытын анықтайды. Қазақстан бүгінгі таңда адам капиталы мен зияткерлік ресурстарға басымдық беріп отыр. Егер бұл қор тиімді жұмыс істесе, елдің мәдени және экономикалық саясатында жаңа кезеңнің басталуына негіз болар еді.