Home Сараптама Қазақстанда әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру көрсеткіштерін талдайтын жаңа жүйе іске қосылды

Қазақстанда әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру көрсеткіштерін талдайтын жаңа жүйе іске қосылды

9

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруды мониторингтеуге арналған ұлттық талдау платформасын іске қосты. Жаңа цифрлық ресурс әйелдердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін жүйелі әрі ашық бағалауға мүмкіндік береді. Платформа wefikazakhstan.com ресми интернет-ресурсында орналастырылған, тәулік бойы қолжетімді және үш тілде жұмыс істейді.

Платформаны Агенттік Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Қазақстан Республикасындағы әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасы аясында әзірледі. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі — әйел кәсіпкерлердің қаржылық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін деректерді жинау, талдау және пайдалану жүйесін дамыту.

Агенттік кредиттер туралы деректерді жүйелеп, әйел кәсіпкерлерді айқындау әдістемесін әзірледі. Бұл әдістеменің жасалуы жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі болды. Ол алғаш рет әйелдердің кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуге қатысу деңгейі туралы толық әрі шынайы көрініс алуға мүмкіндік береді.

Платформа әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру деңгейін банк секторында да, микроқаржы ұйымдары секторында да кешенді түрде бақылауға мүмкіндік береді. Мониторинг шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінің кредиттік портфельдерін қамтиды. Талдау құралдары кредиттік портфельдің негізгі көрсеткіштері мен құрылымын, оның сапасын, қаржыландырудың салалық және өңірлік ерекшеліктерін, сондай-ақ қарыз алушылардың демографиялық және ұйымдық сипаттамаларын қамтиды.

Бірыңғай сүзгілеу жүйесі есепті күн, кәсіпкерлік субъектісінің түрі, бизнестің көлемі және ел өңірлері бойынша деректерді іріктеп, талдауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл пайдаланушыларға қажетті талдауды өз бетінше қалыптастыруға жағдай жасайды. Яғни жалпыұлттық көрсеткіштерден бастап, жекелеген өңір немесе нақты сала деңгейіне дейінгі мәліметтерді зерделеуге болады.

Платформаның іске қосылуы әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруға қатысты ақпараттың ашықтығын арттыруға, шешім қабылдауға қажетті талдамалық базаны нығайтуға және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларын әзірлеуге негіз болатын деректер қорын қалыптастыруға ықпал етеді.

Агенттік кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін талдау құралдарын одан әрі дамытып, деректердің сапасы мен мазмұнын жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы: press@finreg.kz

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.