Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартуға арналған ITMLab 2.0 жобасының екінші маусымы басталды.
Қоғамдық «ITeachMe» қоры ұйымдастырған және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын жаңа хакатон ұлттық деңгейге көтеріліп, қатысу географиясы мен форматы кеңейді. Хакатонның ресми ашылуын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Аскарбек Ертаев жасап, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.
«ITMLab – тек технологиялық жарыс емес. Бұл жаңа идеялардың алаң, мұнда кедергілерді жою, мүмкіндіктерді кеңейту және қоғамды нағыз инклюзивті ету үшін жұмыс істейміз. Жастар, мамандар және мүмкіндігі шектеулі адамдар бірлесе отырып, шындықты өзгертуге ат салысады», – деді Аскарбек Ертаев.
Екінші маусымда жоба ұлттық деңгейде өткізіліп, ауқымы кеңейді: онлайн-хакатон іске қосылды, цифрлық шешімдерді әзірлеуге жасанды интеллект енгізілді, қатысушыларға бизнес өкілдерінің менторлық қолдауы көрсетіледі. Бұл жаңашылдықтар Қазақстанның барлық аймақтарынан қатысушыларды тартуға және әзірленетін шешімдердің технологиялық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Хакатонға кез келген адам қатыса алады: студенттер, IT-мамандар, реабилитологтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және мүмкіндігі шектеулі адамдар шақырылады. Кейін қатысушылар командаларға бірігіп, цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім өнімдерін бейімдеу, мобильділікті арттыру және еңбекке орналасу жағдайларын жақсарту сияқты нақты мәселелер бойынша жұмыс істейді.
Үздік идеялар прототипке дейін жетілдіріліп, әлеуетті инвесторлар мен тиісті мемлекеттік органдарға ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инклюзивті цифрлық ортаны дамытуға бағытталған осындай бастамаларды қолдауды жалғастырады.
Айта кетейік, ITMLab жобасының бірінші маусымы 2024 жылы Астанада өтті. Астанада және Алматыда өткен хакатондарда мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стартаптар іріктелді. Финалистер менторлық қолдау арқылы өз шешімдерін жетілдіріп, ал үздік 6 жоба прототиптерді жүзеге асыруға грантқа ие болды.