Қазақстанда шетелдік және отандық инвесторларға арналған Capital Markets Kazakhstan атты жаңа ақпараттық портал жұмысын бастады. Жобаны Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі мен Қазақстан қор биржасы бірлесіп жүзеге асырды.
Жаңа платформа қазақстандық облигациялар нарығы туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Порталда нарықтың құрылымы, қаржы ұйымдары, құқықтық реттеу тетіктері, сондай-ақ айналымдағы бағалы қағаздар жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылған.
Аталған бастама Қазақстанның ұлттық облигациялар нарығын дамыту және оны халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі саналады. Жоба Азия елдеріндегі облигациялар нарығын дамытуға арналған өңірлік бастама аясында жүзеге асырылып отыр. Қазақстан тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Астана халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп атқаруда.
Порталдың басты мақсаты – Қазақстан облигациялар нарығы туралы ақпараттану деңгейін арттыру, сондай-ақ ұлттық нарықтың халықаралық капитал алаңдарындағы тартымдылығын күшейту.












