Жергілікті тұрғындар байланыс қызметтеріне ресейліктерге қарағанда екі есе көп қаражат жұмсайды, деп хабарлайды LS порталы Numbeo деректеріне сілтеме жасап.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар ұялы байланыс пен интернетке орта есеппен ай сайын 4,5 мың теңге жұмсайды. Бұл Ресейдегі көрсеткіштен 1,5 есе (2,9 мың теңге), ал Өзбекстанмен салыстырғанда 2,4 есе (1,8 мың теңге) жоғары.
Мұндай қызмет Қырғызстанда – 3,5 мың теңге, Беларусьте – 3,9 мың теңге шамасында. Яғни Қазақстанмен салыстырғанда арзанырақ.
Бұл сома Польшада – 4,8 мың, Түркияда – 4,9 мың, Қытайда – 5,1 мың теңге шамасында. Ал Жапония, Германия, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде байланыс бағасы бұдан бірнеше есе жоғары – 14 мыңнан 30 мың теңгеге дейін жетеді.
Қазақстанда үй интернетінің бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат. Мысалы, 60 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы шексіз ADSL немесе кабельдік интернетке қазақстандықтар айына орта есеппен 6,7 мың теңге жұмсайды. Ал Ресейде дәл осындай қызметтің құны небәрі 3,6 мың теңге.
Беларусьте – 5,4 мың теңге, Қытайда – 5,9 мың, Өзбекстанда – 6 мың, Қырғызстанда – 6,3 мың, Түркияда – 6,4 мың теңге шамасында. Бұл да Қазақстаннан төмен.
Дегенмен Польшада (8,3 мың), Оңтүстік Кореяда (10,4 мың), Жапонияда (18,2 мың), ОАР (19,4 мың), АҚШ-та (37,5 мың) және БАӘ-де (53,1 мың теңге) интернет әлдеқайда қымбат.
Қазақстанда орташа айлық жалақы (салықтан кейін) 285,3 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш тек Өзбекстанда (247,3 мың) және Қырғызстанда (206,6 мың) ғана төмен.
Қалған елдердің бәрінде табыс көлемі жоғарырақ: Беларусьте – 312 мың, Ресейде – 341,8 мың, Түркияда – 361 мың, Қытайда – 479,6 мың теңге. Польшада – 804,1 мың, ОАР – 625,1 мың теңге.
Табыс көшін Жапония (1,1 млн), Ұлыбритания, Германия, БАӘ (1,6 млн) және АҚШ (2,2 млн теңге) бастап тұр.
Айта кетейік, Numbeo бұл талдауды соңғы 12 айда жүргізген, соңғы деректер 2025 жылғы сәуірде жаңартылған.
Бұған дейін LS Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин ЕАЭО елдерін сапалы әрі арзан интернетпен қамтамасыз етуді уәде еткенін жазған болатын.
Жанна ШАМСУТДИНОВА