Қаржы нарығындағы соңғы өзгерістер мен басты бағыттар жайлы Freedom тобына кіретін компаниялардың топ-менеджерлері кеңінен баяндады. Олар инвестициялық мүмкіндіктер, банк қызметтері мен сақтандыру нарығындағы тың үрдістер, сондай-ақ төлем технологияларындағы заманауи шешімдер туралы сөз қозғады.
Freedom Technologies компаниясының бас директоры Роман Миникеевтің айтуынша, жедел төлемдер отандастарымыз үшін барған сайын қолайлы әрі танымал бола түсуде. Оның пікірінше, нарықтар дамыған сайын электронды төлемдерге деген сұраныс та арта береді. Бұл тенденция Орталық Азиядағы барлық компаниялар үшін ортақ. Себебі интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда-саттық кең таралып, тауар мен қызмет түрлерінің қолжетімділігі артты. Ең бастысы — адамдар онлайн төлем жасауға сенімді бола бастады.

Global Data зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда электронды сауда нарығы 19 пайызға ұлғайған. 2024 жылы бұл көрсеткіштің тағы 17 пайызға өсуі күтілуде.
2019 жылдан бастап банкомат арқылы қолма-қол ақша шешіп алу көлемі азайып, онлайн операциялар саны арта түскені байқалады. Бұл — цифрлық төлем мәдениетінің орныға бастағанының айқын дәлелі.

Цифрлы төлемге деген сұраныстың өсуіне пандемия түрткі болды деуге негіз бар. Сол кезден бастап адамдар онлайн қызметтерге ден қойды. Қазір де бұл үрдіс бәсеңсіп тұрған жоқ. Қазақстандықтар тауарды үйден шықпай алуға, картамен есеп айырысуға, төлемді QR арқылы жасауға әбден дағдыланды. Қызығы, тіпті егде жастағылар да гаджет пен карта қолдануды меңгеріп, базардағы сауда-саттықта да аударым жасауды әдетке айналдырған.
2023 жылы сатып алулардың 93,9 пайызы банк картасы арқылы төленген. Бұл — картаның ең танымал төлем құралына айналғанын білдіреді.
Онлайн қызметтер саны да артып келеді. Дегенмен, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Бұрын алаяқтар қолма-қол ақша ұрлауға ұмтылса, енді цифрлы дәуірге бейімделіп, желіде әрекет ете бастады.
«Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, алаяқтарға қарсы тиімді күрес жолдарын меңгеру қажет. Freedom тобына кіретін компаниялар бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Клиенттердің қауіпсіздігі мен деректерін қорғау – басты назарда», – дейді Роман Миникеев.
2025 жылға қарай төлем картасын қолданушылардың саны 15 миллион адамға жетеді деген болжам бар. Бір адамның бірнеше картасы болуы да – қалыпты құбылыс. Бүгінде бір азаматта 2–4 карта бар. Орта есеппен олар айына кемі 10 рет сауда жасап, транзакция орындайды.

Банктік карта арқылы төлем жасау көлемі де ұлғайған. Бір жылда орташа есеппен әр картамен 1,5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалады. Қазір жұрт тек банк картасымен ғана емес, QR арқылы да есеп айырысуға үйреніп келеді.
2019 жылы бір картаға шаққандағы төлем саны 37 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 150 транзакцияға дейін өскен. Бұл – жыл сайын 42,5 пайыздық өсім. Сарапшылардың болжамынша, 2027 жылы бұл сан 190 төлемге дейін жетуі мүмкін.

2021 жылы елімізде POS-терминалдар саны күрт артқаннан кейін, бұл көрсеткіш әлі де өсіп келеді.
2023 жылы банк карталары арқылы жүзеге асқан транзакциялардың 84 пайызын дебеттік карталар құраған.
Global Data дерегінше, 2019 жылы саудагерлер саны 96 мың болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 568 мыңға жеткен. Сол аралықта офлайн сауда нүктелері де қарқынды көбейіп, 134 мыңнан 779 мыңға дейін артқан.
Бүгінде SoftPOS технологиясы да кеңінен дамып келеді. Бұл — арнайы бағдарламаны смартфонға орнатып, оны төлем қабылдайтын құрылғыға айналдыру мүмкіндігі. Мұндай шешім шағын және орта бизнес үшін аса тиімді, өйткені барлық төлем заңды түрде тіркеліп отырады.

«POS-терминалдарға сұраныстың артуына байланысты Freedom Pay өздерінің SoftPOS шешімін тестілеуден өткізіп жатыр. Бұл мобильді қосымша арқылы NFC технологиясын қолданып, картамен төлем қабылдауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Роман Миникеев.
Мақалада Global Data: Risks and Opportunities Report 2023 зерттеу деректері пайдаланылды.