Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда eGov.kz порталының орнына жаңа QazTech жүйесі енгізіледі

Қазақстанда eGov.kz порталының орнына жаңа QazTech жүйесі енгізіледі

59

Қазақстанда электронды үкімет порталы кезең-кезеңімен қолданыстан шығарылады. Оның орнына отандық жаңа цифрлық жүйе – QazTech іске қосылмақ. Бұл жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жаңа жүйеге көшу – аяқ астынан қабылданған шешім емес. Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары 2021 жылдан бері көтеріліп келеді. Сол кезде бұл бағытта ресейлік Сбер компаниясымен бірлескен жоба ұсынылған болатын. Алайда деректердің қауіпсіздігіне қатысты сынға ұшыраған бұл бастама, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін мүлде тоқтатылды.

Дегенмен бірыңғай цифрлық жүйе құру идеясы күн тәртібінен түскен жоқ. 2023 жылы елімізде жаңа отандық платформа — QazTech-тің әзірленуі басталды. Министрдің айтуынша, бұл жүйемен мемлекеттік органдардың жұмысы заң жүзінде бекітіліп, қажетті ережелер мен нормалар қабылданған.

QazTech 2024 жылдан бастап пилоттық режимде жұмысын бастады. Қазір бұл жүйеге үш негізгі компонент көшірілген: Gov.kz порталы, Smart Bridge интеграциялық сервис витринасы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның ресми сайты. Сондай-ақ, құмар ойындарға тәуелді азаматтарға арналған өзін-өзі шектеу қызметі де жаңа жүйе арқылы іске қосылған.

Қазіргі таңда QazTech кеңінен қолжетімді емес, өйткені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр.

Платформаны дамыту ісімен Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) жанынан құрылатын жаңа компания айналысады. Оған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен BTS Digital компаниясы да қатысады.

Бұған дейінгі министрлік басшылығы eGov.kz порталын ескірген деп бағалағанымен, қазіргі таңда ол әлі жұмыс істеп тұр. Жаңа жүйеге толық ауысу мерзімі әзірге нақты белгіленген жоқ.